Иранның жаңа көшбасшысы қатаң мәлімдеме жасады

Самал Асқар 12 нау. 2026 20:41

Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи тағайындалғаннан кейін алғашқы мәлімдемесін жасап, елдің ұстанымын жариялады, деп хабарлайды Dala News.

Оның айтуынша, Иран қаза тапқандар үшін кек алудан бас тартпайды және халықты бірлікке шақырады.

Хаменеи Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігі әлі де қарастырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ қарсылас әлсіз тұстарда жаңа майдандар ашу мәселесі де зерттеліп жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар ол Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базалары жабылуы тиіс екенін мәлімдеді. Егер бұл орындалмаса, олар соққы нысанына айналуы мүмкін екенін ескертті.

Хаменеи аймақ елдерін өз ұстанымын анықтауға шақырып, АҚШ-тың қауіпсіздік туралы уәделерін «жалған» деп атады.

Иран қарсыластарының әрекеті үшін өтемақы талап ететінін де айтты. Егер өтемақы төленбесе, Тегеран қарсы тараптың активтерінен қаражат алуы немесе олардың мүлкіне залал келтіруі мүмкін екенін мәлімдеді.

Сонымен бірге ол Иран көрші елдерге қарсы емес, негізгі нысана АҚШ әскери базалары екенін атап өтті.

Хаменеи АҚШ пен Израильдің шабуылы кезінде оның жұбайы мен әпкесі қаза тапқанын да айтты. Оның сөзінше, өзін Иранның жоғарғы көшбасшысы болып сайланғанын теледидар жаңалықтарынан білген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove