Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 млрд долларға жетті, деп хабарлайды Dala News.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ көлемі 306 млрд долларды құраған. Бұл – ТМД елдері арасындағы екінші ірі көрсеткіш және аймақ бойынша ең жоғары нәтиже.
Мемлекет басшысы осы көрсеткіштің арқасында Қазақстан әлемнің ең ірі 50 экономикасының қатарына кіргенін атап өтті.
Сонымен қатар халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының болжамынша, 2026 жылдың қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ көлемі 320 млрд долларға жетуі мүмкін.
Президенттің мәліметінше, Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Елге тартылған инвестициялар көлемі 150 млрд доллардан асты, бұл өңірге келген барлық инвестицияның 69 пайызын құрайды.
Сондай-ақ елдің алтын-валюта резервтері 74 млрд долларды, ал жиынтық резервтері 139 млрд долларды құрады.
Мемлекет басшысы ұлттық экономика тұрақты өсім көрсетіп отырғанын және бұл өсімнің сапалы дамуымен ерекшеленетінін атап өтті.
