Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңгеден асты

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 трлн теңгеден асты
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 38,5 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің сөзінше, аталған көрсеткіш елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 20,9%-ын құрайды. Ал Үкімет қарызының көлемі ЖІӨ-нің шамамен 20%-ына тең. Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан мемлекеттік борыш деңгейі төмен мемлекеттердің қатарына кіреді. Сонымен қатар қарыздың басым бөлігі ішкі нарықтан тартылған.

«Мемлекеттік қарыздың шамамен 75%-ы ішкі қарызға тиесілі. Қанша көлемде, қандай шартпен және кімнен қарыз алып жатқанымыз тұрақты бақылауда», – деді министр.

Ол әлемнің бірқатар елдерінде мемлекеттік қарыз деңгейі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

«Кейбір мемлекеттерде мемлекеттік қарыз көлемі жалпы ішкі өнімнің 100%-ынан, тіпті 200%-ынан да асып кеткен», – деді Серік Жұманғарин.