Қазақстан шетелге заңсыз шығарылған активтерді іздеу және оларды елге қайтару мүмкіндігін кеңейтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құрылтай 1959 жылы Страсбургте жасалған Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялады.
Конвенцияға қатысушы мемлекеттер белгіленген талаптарды сақтай отырып, қылмыстық істер бойынша бір-біріне өзара құқықтық көмек көрсетуге міндеттенеді.
Құжат Қазақстанның құқық қорғау органдарына шетелде жүрген қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер алуға, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді іздеп, оларды Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік береді.
Конвенцияға қатысты ескертпелер мен мәлімдемелерге сәйкес, Қазақстан мүлікті іздеу немесе оған тыйым салу туралы сұрауларды қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет екі мемлекетте де құқық бұзушылық болып саналатын жағдайда орындай алады.
Құжатта шетел азаматы қамауға алынған, түрмеге қамалған немесе күзетпен ұсталған жағдайда бұл туралы оның елінің консулдық мекемесіне хабарлау мүмкіндігі де қарастырылған.
Сонымен қатар адамның қылмыстық іс бойынша қатысуына қатысты шақыру қағазы оның белгіленген қатысу күнінен кемінде 50 күн бұрын берілуі тиіс. Қазақстанға жіберілетін сұраулар қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен қоса ұсынылуы қажет.
Қазақстанда Конвенция аясындағы құқықтық көмек туралы сұрауларды жіберуге және қабылдауға уәкілетті орталық органдар ретінде Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура белгіленді.
Жоғарғы Сот соттардың өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекке қатысты сұрауларға жауап береді. Ал Бас прокуратура қылмыстық істер бойынша басқа да құқықтық көмек туралы сұрауларды қарауға жауапты болады.
Құрылтайдың мәліметінше, Конвенцияға қосылу Қазақстанның қылмысқа қарсы күресте оған қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастығын күшейтіп, шетелге шығарылған активтерді қайтару тетіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.