Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжат инвестициялық жобаларды қаржыландыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Бұл туралы Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырған Қайрат Айтуғанов мәлімдеді.
Заң жобасы Мәжіліске 30 маусымда енгізілген. Келісімге 9 ақпанда Астанада Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзоу ханымның ресми сапары аясында қол қойылған.
Келісімнің негізгі мақсаты – инвестициялық жобаларды тиімді әрі жедел жүзеге асыруға жағдай жасау.
Құжат көлік және логистика, «жасыл» энергетика, цифрландыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен инженерлік коммуникацияларды жаңғырту бағыттарындағы ауқымды жобаларды тиімді шарттармен қаржыландыруға жол ашады.
Қайрат Айтуғановтың айтуынша, келісімді ратификациялау Қазақстанның әлемдегі жетекші қаржы институттары үшін сенімді әрі болжамды әріптес ретіндегі мәртебесін нығайтады.
Тартылатын инвестициялар мемлекеттік басым міндеттерді, соның ішінде Қазақстанды дамыту стратегиясын іске асыруға, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жеке бастамаларды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталады.
Заң жобасы бойынша тұрақты комитеттерден оң қорытындылар алынған. Сонымен қатар жұмыс тобының және комитеттің кеңейтілген отырыстары өткізіліп, құжатқа қатысты ұсыныстар түспеген.
Қайрат Айтуғанов заң жобасын бірінші оқылымда қолдауды ұсынды.