Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақ тілінің болашағы жарқын

Самал Асқар 12 нау. 2026 16:05

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мәртебесіне қатысты қоғамда орын алып жатқан пікірлерге тоқталып, оның болашағы жарқын екенін айтты, деп хабарлайды Dala News.

Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасында қазақ тілінің мәртебесі нақты көрсетілгенін атап өтті.

«Осы орайда қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ. Жаңа Конституция жобасында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” деп нақты жазылған», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, қазақ тілі тек көркем әдебиетте ғана емес, елдің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылып келеді.

«Ең маңыздысы, жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналды. Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын», – деді ол.

Президент кейбір адамдар тіл мәселесін саяси құрал ретінде пайдаланатынын да атап өтті.

«Кейбіреулер тіл тағдырына алаңдаған кейіп танытып, бұл тақырыпты саяси құрал ретінде пайдаланады», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Тоқаев қазақстандық жастардың көптілді болуына да назар аударды.

«Қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделе алуымен ерекшеленеді. Олар қазақша мен орысшаны қоса алғанда, үш-төрт тілді еркін меңгереді. Мұны айналамыздан күнде көріп жүрміз», – деді Президент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove