Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы батыл әрі тарихи шешімінің арқасында көші-қон мәселесі мемлекетіміздің стратегиялық басым бағытына айналды. Елімізге ширек ғасырға жуық уақыт ішінде бір миллионға жуық қазақ келіп қосылды. Өткен жылы 24 қарашада «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қайта қабылданды.
Елбасымыздың Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін он бес күн өткенде, нақтылап айтсақ, 1991 жылы 31 желтоқсанда «Қазақ радиосынан» шеттегі қазақтарға жолдаған, ертесіне «Егеменді Қазақстан» газетіне басылған «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты атақты Жолдауын қазақ көшін бастаудың алғашқы шешімі деп жүргенбіз. Сөйтсек, олай емес екен. Тұңғыш Президентіміз тәуелсіздікті жариялаудан бір айға жуық бұрын Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы шығартып қойған екен.
20 тармақтан тұратын ол қаулыда басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қалай әкелудің тетіктері мен жолдары, ауылды жерге көшіп келген соң оларды құжаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік, дәрігерлік, білім беру, тұрғын үй, жаңа ортаға бейімдеу сынды толып жатқан мәселелер бойынша жеңілдіктер мен көмектер ұсыну егжей-тегжейлі қарастырылған. Мысалы, қаулының 5-тармағында «Халық депутаттары жергілікті кеңестерінің атқару комитеттеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына басқа республикалардан және шетелдерден қоныс аударған байырғы ұлт адамдарын тұрғын-жаймен қамтамасыз ету мақсатында жекелеген азаматтардың республикадан кетуі нәтижесінде босаған үйлерді немесе пәтерлерді сатып алу ұсынылсын» делініпті.
Демек, тәуелсіз Қазақстан үшін сол «Азаматтық құжаттандыру туралы» №711 қаулы шығарылған 18 қараша өте маңызды тарихи күн деп есептелуі тиіс. Өйткені, бес құрлыққа тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың басының өз Отанында бірігуі осы күннен басталды.
Сондай-ақ, бұл қаулының 1997 жылы 13 желтоқсанда тұңғыш рет қазақ тілінде қабылданған, 2011 жылы 22 шілдеде, 2013 жыл 15 желтоқсанда және 2015 жылы 24 қарашада Парламентте үш рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қазір қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды түзуге түп негіз болғанын да айта кетуіміз керек.
Міне, содан бері Алатау мен Сарыарқаны бетке алған Қазақ көші толастаған емес. Елбасы бұл жетістікті «Біз 1 миллион ағайынды елге қайтардық!» деп үнемі мақтанышпен айтып келеді. Қазір сол қандастарымыз өсіп-өніп, ұрпағымен 1,5 миллионнан асып кетті. Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда қазақтардың саны 40 пайызға жетер-жетпес қана болса, қазір 70 пайызға жетті. Соның бір бөлігі, әрине, шеттен келген ағайынның үлесінде.
2015 жылғы 15 желтоқсанда журналистерге берген сұхбатында Президент: «Ол саясат өзгермейді. Бізге қайтып келемін деген ағайынға – қазақтарға есік ашық. Әр уақытта келіп, өздері орналассын. Жағдайын жасаймыз!» деп шегелеп тұрып айтты.
Биыл – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Сонымен бірге, алдағы 18 қарашада №711 қаулы шыққалы да 25 жыл болады. Ұлы тойдың аясында Қазақ көшінің де ширек ғасырлық қуанышы мақтанышпен атап өтілетіні сөзсіз. Осы қарсаңда Үкімет «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы №267-ІІ Заңның 3-бабына толықтыру енгізіп, 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» етіп бекітсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"
Ауыт МҰҚИБЕК