Түркістан халқы бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың зардабын тартып келеді - депутат

Көркем Алдабергенова 26 мам. 2025 12:47

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалынан өңірлік ахуалдың ушығып бара жатқанын жеткізді. Түркістан облысында қалыптасқан экологиялық және ауыл шаруашылығына қатысты проблемалар тек бір өңірдің емес, тұтас елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары Түркістан халқы бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың зардабын тартып келеді. Бұл құбылыс жайылым жерлер мен егін алқаптарының қурауына, мал азығының жетіспеуіне, тіпті мал басының азаюына әкелген. Биылғы көрсеткіштерге сүйенсек, егілген 389,3 мың гектардың кем дегенде 10 пайызы жарамсыз күйге түскен. Егер қолайсыз ауа райы жалғаса берсе, диқандар өнімнің басым бөлігінен айырылуы мүмкін.

Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығы, бағаның өсуі, әлеуметтік кернеудің артуы сияқты тізбекті мәселелер орын алуы ықтимал. Ел тұрғындары жаппай тасаттық беріп, жауын тілеуге мәжбүр болып отырғаны – табиғаттың ғана емес, жүйелік шаралардың жеткіліксіздігін де аңғартады.

Сонымен қатар, жыл сайын көктем мен жаз мезгілдерінде қайталанатын шегіртке мен шіркей мәселесі – биыл тіпті күрделі сипат алып отыр. Арыс, Сарыағаш, Келес, Шардара және Отырар аудандарының тұрғындары зиянкестердің кесірінен күнделікті өмірде қолайсыздық көріп қана қоймай, диқандар егістік алқаптарын сақтап қалуға бар күшін салуда. Шіркейдің көптігінен тұрғындар бет-аузын тұмшалап жүруге мәжбүр, ал бұл туризмге де тікелей әсер етіп отыр. Атап айтқанда, Отырардағы Арыстан баб кесенесіне келетін туристердің саны күрт азайған.

Ұласбек Сәдібеков Үкіметке бірнеше нақты ұсыныс жолдады. Біріншіден, қуаңшылықтан ең көп зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай жариялауды қарастыру қажет. Екіншіден, ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында аграрлық несиелердің төлем мерзімін кейінге шегеру, сондай-ақ қазір жабылып тұрған несие желілерін қайта ашу ұсынылды. Бұл ретте 2023 жылдан бері Аграрлық несие корпорациясының ауылдағы несие серіктестіктерін қаржыландыруды тоқтатқаны – шаруалар үшін үлкен соққы болғаны айтылды.

Үшіншіден, жаңбырлатып суару жүйесіне берілетін субсидия көлемі 80%-ға артқанымен, оның 30%-ын жергілікті бюджет төлеуі тиіс. Алайда аудандық және облыстық бюджеттердің мұндай шығынды көтеруге шамасы жоқ. Бұл инфрақұрылымдық реформаларды тежейді.

Тағы бір маңызды ұсыныс – Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, зиянкестермен күреске арналған арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеу, сондай-ақ зиянды организмдерге қарсы өңдеу шараларын республикалық бюджет есебінен 100% қаржыландыру. Ал аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жүргізу құзыретін қаржымен бірге өңір әкімдіктеріне беру – жергілікті биліктің икемді әрі жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Депутат бұл мәселелерді жергілікті әкімдік пен шаруалар шеше алмай отырған жоқ, дегенмен, олардың күші шектеулі екенін ескертіп, мемлекеттік деңгейдегі жүйелі шешімдер қажет екенін қадап айтты. Түркістандағы ахуал – жай ғана ауылдағы қиындық емес, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін стратегиялық мәселе. Сондықтан да нақты әрекет қажет. Құрғақшылықпен күрес те, зиянкестерге қарсы іс-шаралар да уақыт күтпейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар