"Басқа өңірлерден артта қалып отыр": Аудиторлар Жамбыл облысын тексерді

Сағыныш Сардарова 04 жел. 2025 10:29

Жоғары аудиторлық палата Жамбыл облысында жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"2020-2024 жылдар аралығында өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері өскен. Алайда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жалпы құрылымында облыстың үлес салмағы 2,7%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестициялар көлемі 553 млрд теңгеден асты, бұл 2024 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштерден 1,4 есе жоғары. Алайда 2020-2024 жылдар кезеңінде негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейі бойынша облыс республикалық рейтинг көшбасшыларынан 3,5 есе артта қалып отыр", - деп жазылған хабарламада.

Жалпы Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит барысында бюджеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, инвестициялық жобаларды басқару бөлігінде, сондай-ақ, "Тараз" ӘКК" АҚ қызметінде бірқатар заңбұзушылық пен кемшілік анықталған.

"2020-2024 жылдары бюджеттен түсімдер - орта есеппен 80%. Осы кезеңде трансферттер 344 млрд теңгеден 521 млрд теңгеге дейін, 51%-ға өскен. Ал 38 млрд теңгеден аса сомаға бюджет қаражатын игермеу дерегіне жол берілген. Өңірді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасында Тараз кәріз-тазарту нысандарының болмауы, тұрғын үй алуға кезекте тұрғандар санының өсуі және суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейінің төмендігі сияқты бірқатар маңызды және өзекті проблеманы шешу жөніндегі көрсеткіштер мен іс-шаралар қамтылмаған. Мемлекеттік сатып алу саласында Тараз қаласының құрылыс және тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің "қызмет бабында пайдалану үшін" деген грифі бар шарт жасасудың ерекше тәртібін негізсіз қолдану деректері анықталды", - деп жазылған хабарламада.

Бұл адал бәсекелестікті шектеуге алып келген.

"Сонымен қатар, үлестес компаниялармен шарттар жасасу жағдайлары бар. Аудиторлар Тараз қаласында және облыста инвестициялық жобалардың іске асырылуы нашар бақыланатынын атап өтеді. Мердігерлерге орындалмаған жұмыс үшін ақы төлеу және әлі өтелмеген берешектері бола тұра аванс беру тіркелген. Мысалы, Тараз қаласының ТКШ бөлімі биыл маусым айында қалалық автожолдарды орташа жөндеу бойынша екі жобаға 537 млн теңгеден аса төлем жасаған, бірақ 70 күн өтсе де жұмыс басталмаған. Бұл жұмыс тамызда аудит жүргізу нәтижесінде ғана басталды. Жамбыл облысы Шу ауданының 18 елді мекеніне жеткізілетін газ құбырын салудың нормативтік мерзімі екі жыл болса да, алты жылдан аса уақыт бойы аяқталмай келеді. Нәтижесінде 8,2 млрд теңге игерілмей, жоғары тұрған бюджетке қайтарылған, яғни қаражат тиімсіз пайдаланылған", - деп жазылған хабарламада.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 58,5 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталды, оның 47,1 млрд теңгесі бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп саласындағы заңбұзушылықтар;
  • 75,6 млрд теңге тиімсіз жоспарланылған және пайдаланылған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар