Алматыдағы мемлекеттік емхананың директоры заңсыз жолмен қосымша ақы алып отырған

Қаракөз Амантай 04 жел. 2025 09:52

Алматыда №10 қалалық емхананың директоры Гүлнара Қалибекова мен “АкваЛаб” ЖШС-нің өңірлік директоры Меруерт Баймұхамбетоваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Белгілі журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Қалибековаға пара алу бойынша айып тағылған. Сонымен қатар айыпталушылар қатарында ақша бергені үшін жауапқа тартылған “АкваЛаб” ЖШС-нің өңірлік директоры Меруерт Баймұхамбетова да болған.

“Гүлнар Зарқынбекқызы былтыр көктемде басшылық қызметке тағайындалған. Ал 2025 жылдың басында емхана диагностикалық және зертханалық зерттеулер жүргізу үшін екі компаниямен келісімшарт жасайды. “АкваЛаб” ЖШС және “OpenHealthcare Kazakhstan” ЖШС мемлекеттік мекеме науқастарға қызмет көрсетіп, оның ақысын мемлекеттен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында алып отырған”, — дейді журналист.

Оның сөзінше, зертханалар жасаған барлық талдау “DamuMed” электронды жүйесінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Алайда тексеріс барысында жүйеге енгізілген деректердің бір бөлігі шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған: кейбір талдаулар мүлде жасалмаған немесе қажет болмаған. Осылайша заңсыз жолмен мемлекеттен ақы алып отырған.

“Сол кезде емхана директоры зертхана өкілдеріне ұсыныс жасайды. Ол қасақана жоғарылатылған көрсеткіштерге көз жұма қарайды, ал зертханалар оған мемлекеттік тапсырыс сомасының 15 пайызын “сыйақы” ретінде береді”, — дейді ол.

Нәтижесінде Қалибекова “АкваЛабтан” да, “OpenHealthcare Kazakhstan”- нан да қомақты конверттер алып отырған. Пара алу кезінде қолға түсіп, кейін Баймұхамбетовамен бірге сотқа жіберілді.

“Ал екінші зертхананың өкілі қайда кеткені белгісіз. Бәлкім, іс бойынша куәгер ретінде өткен шығар”, — деп қосты журналист.

Сотта екі тарап та өз кінәсін мойындап, жаза ретінде айыппұл тағайындауды сұраған.

“Осылайша бұрынғы шенеунік бюджетке 65 миллион теңгеден астам қаражат өтейді, ал зертхананың өңірлік директоры шамамен 24 миллион теңге төлейді”, — деді Козачков.

Журналист азаматтарға “DamuMed” жүйесіндегі жеке жазбаларын тексеріп отыруды ескертті.

“Сізге де қажетсіз, қымбат талдаулар “тағайындалып” кетпесін. Кімнің жасауы мүмкін екенін өзіңіз түсініп отырған боларсыз”, — деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар