Алматыда жедел жәрдем көлігі жеңіл көлікпен соғысып, салдарынан 23 жастағы фельдшер қыз қаза тапты. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова осы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Жедел медициналық жәрдем фельдшері Насиба Мұхтарқызы Жаңабаеваның қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Насиба небәрі 23 жаста еді, төрт ай бұрын ғана Алматы қаласының Жедел жәрдем қызметіне жұмысқа тұрған болатын. Осы қысқа уақыт ішінде ол өз міндетіне жауапты, адал, жанашыр, әрқашан көмек көрсетуге дайын медицина қызметкері ретінде танылды. Насиба Мұхтарқызының туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне және Алматының бүкіл медициналық қауымдастығына қайғырып көңіл айтамын", - деді министр.
Полиция мәліметінше, оқиға 3 желтоқсанға қараған түні сағат 00:40 шамасында Алатау ауданында болған. Алдын ала деректер бойынша жедел жәрдем көлігі бұрылыс жасап жатқан сәтте қарсы бағытта келе жатқан Kia маркалы көлік соғылған.
