Қазақстанда зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты жаңа шектеу енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
4 желтоқсаннан бастап enpf-otbasy.kz платформасында офтальмологиялық қызметтерді біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) арқылы өтеуге өтінім қабылдау тоқтатылды.
Банк өкілдерінің айтуынша, осы күнге дейін түскен барлық өтініш мән-жайына сай қаралып, бекітілген тәртіппен өңделетін болады.
«Өтінім қабылдаудың тоқтатылуына Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен, БЗТ қаражатын емделуге пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістер себеп болды. 2025 жылғы 3 желтоқсанда шыққан бұйрыққа сәйкес, енді зейнетақы жинағын стоматологиялық қызметтерге ғана емес, офтальмологияға да жұмсауға рұқсат берілмейді», - деп хабарлады қаржы ұйымы.
Отбасы банктің дерегінше, қазір «офтальмология» бағыты бойынша 15 808 өтінім қаралуда. Олардың жалпы сомасы - 13,3 млрд теңге.
Банк мамандары 4,6 млрд теңгені құрайтын 5 мыңнан аса өтінім бойынша құжаттарды тексеріп жатыр. Ал 10 677 өтініш иесінен (8,7 млрд теңге) қосымша құжат талап етілген.
«Стоматология бойынша өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін офтальмологиялық қызметке сұраныс айтарлықтай артты. 15 қыркүйекке дейін ай сайын шамамен 174 өтініш мақұлданса, шектеуден кейін бұл көрсеткіш 1 264-ке дейін өсті - өсім 7 еседен де көп», - дейді банк өкілдері.
Сонымен бірге ұйым бірнеше күмәнді жағдай анықталғанын жеткізді.
«Бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаған әртүрлі клиенттердің өтініштері келіп түскен. Бірақ құжаттарда клиника әр қалада басқа мекенжаймен көрсетілген. Тексеру кезінде ол мекенжайларда мұндай мекеме жоқ болып шықты», - делінген хабарламада.
Банк қазақстандықтардың зейнетақы жинағын әлі де өмірлік маңызы бар, қымбат ем түрлеріне пайдалана алатынын да атап өтті.
