Қарағандыда ақша тиеген көлік өртеніп, жүргізуші көз жұмды

Ақтоты Жапатова 04 жел. 2025 11:34

Қарағанды облысында «Қарқаралы–Қарағайлы» трассасында инкассаторлық көлік пен Toyota Camry автокөлігі соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарағанды облыстық полициясының мәліметінше, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, инкассаторлық Lada Largus автокөлігіне соғылған. Қатты соққыдан 28 жастағы инкассатор көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапқан. Ал көлікте болған 36 жастағы жолаушы және 41 жастағы Camry жүргізушісі ауруханаға жеткізілді.

Апаттан кейін инкассаторлық көлік өртеніп, ішінде болған үш миллион теңгеден астам қаржы түгелімен жанып кеткен.

Полиция күдікті жүргізушіні уақытша ұстау изоляторына қамады. Тергеу барысында оның мас күйде рөлге отырғаны, сондай-ақ бұдан бір жыл бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.

Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін қатаң сақтап, мас күйде көлік жүргізудің ауыр салдары жайлы тағы бір рет ескертеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар