Павлодарда реанимобиль 76 жастағы әйелді қағып кетті

Павлодарда реанимобиль 76 жастағы әйелді қағып кетті
magnific.com

Павлодарда реанимобиль реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде 76 жастағы әйелді қағып кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының мәліметінше, оқиға Академик Сәтбаев көшесінде бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан кезде болған.

«Реанимобиль қосулы тұрған арнайы жарық және дыбыс белгілерімен жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан сәтте өткелге әйел шыққан. Оқиғадан кейін 103 қызметкерлері оған бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіп, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізді», – деп хабарлады жедел жәрдем стансасы.

Шақырту кейін басқа жедел жәрдем бригадасына берілген.

Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен әйелдің балтыр сүйектері сынған, сондай-ақ денесінің әр жері көгеріп, сырылған. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Павлодар облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасына байланысты тексеру басталғанын мәлімдеді.