Министр Қарабаев Тоқаевтан сөгіс алғанын қалай қабылдағанын айтты

Сағыныш Сардарова 23 мам. 2025 14:40

Көлік министрі Марат Қарабаев Президенттен сөгіс алғанын қалай қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің пікірі

Сенат дәлізінде Марат Қарабаев саяси мемлекеттік қызметкер екенін және Мемлекет басшысының шешімдерін талқылауға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.

"Президент алдымызға қойған тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындау үшін бәріміз бірге жұмыс істейміз. Мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде өзіме көрсетілген сенімді ақтау үшін бар күшімді саламын", - деп жауап берді Қарабаев.

Бұған дейінгі жағдай

Айта кетейік, 14 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті. Көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын айтты.

Жиын соңында Президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар