Трамп пен Путиннің мәмілеге келуі екіталай - саясаткер Мұхтар Тайжан

Көркем Алдабергенова 21 қаң. 2025 13:58 3595

20 қаңтарда Дональд Трамп инаугурация рәсімінде ант қабылдап, ресми түрде АҚШ президенті қызметіне кірісті. Осыған орай Dalanews.kz тілшісі белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Мұхтар Тайжанмен пікірлесіп, салтанатты рәсімнің ерекшеліктері мен АҚШ-тың Орта Азияға, соның ішінде Қазақстанға деген ұстанымы жайлы ойын білген еді.

Тайжанның айтуынша, биылғы инаугурацияның басты өзгешелігі – оның ашық аспан астында емес, ғимарат ішінде өтуі. Дәл осындай рәсім осыдан қырық жыл бұрын өткізілген.

"Менің ойымша, мұндай шараның далада өткені қызығырақ. Халық жиналып, шараны тамашалайды. Ал ғимараттың ішіндегі рәсім сән-салтанатты сәл бәсеңдетеді. Оның үстіне, президент Трамптың сөйлеген сөзі де тым ұзаққа созылды. Бұл жолы ол шамамен 29 минут сөйлепті. Әдетте сайланған президенттердің жұртқа арнаған жолдауы 15-20 минуттан аспайтын еді", – дейді Мұхтар Тайжан.

Десе де, Трамптың сөзінде айрықша назар аудартатын тұстар жетерлік.

"Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу, Париж келісімшартынан бас тарту, Мексикамен шекараны қатаң бақылау, миллиондаған мигрантты күшпен шығару сияқты радикалды мәлімделер айтылды.

Соның ішінде "Марста АҚШ-тың туын орнатамыз" дегені де, "Мексика шығанағының атауын өзгертеміз" дегені де, "Панама каналын қайтарып аламыз" дегені де бар. Әміриканың көзқарасы мен ұстанымын есепке алсақ, мұның бәрі де қажет қадамдар деп есептеймін.

Трамптың тағы бір маңызды қадамы – мұнай өндірісін арттыру жоспары. АҚШ осыған дейінгі тыйымдарды жойып, мұнайды бұрынғыдан да көп өндіре бастаса, нарықтағы баға төмендейді. Бұл Ресей, Иран, Венесуэла, Сауд Арабиясы және Қазақстан сияқты экономикасы мұнайға байланған елдерге айтарлықтай әсер етеді", – деп түсіндіреді Тайжан.

Саясаткердің пікірінше, Трамптың билікке келуі Қазақстанға айтарлықтай ықпал етпейді, өйткені Орта Азия аймағы АҚШ үшін басым бағыттардың қатарында емес.

"Жағрафиялық тұрғыда біз олар үшін тым-тым жырақта жатқан аймақпыз. Осы себепті де саяси, экономикалық немесе мәдени аспектіде маңызды рөл атқармаймыз. (Трамптың тұсында да) бұл көзқарас өзгереді деп ойламаймын. Бұған дейін АҚШ-тың еш президенті Орта Азияға аттап басқан емес. Қазақстанға да АҚШ президенттері аяқ басқан жоқ. Бұл "дәстүр" жалғасын табады деп есептеймін. Себебі АҚШ-тың біздің аймақтағы мүддесі соншалықты ауқымды емес. Теңізшевройл секілді жобалар бар, әрине, бірақ мұның өзі Әміриканың бізге деген қызығушылығын оятуға түрткі болатын дүние емес. Астанаға, жалпы Орта Азияға жоғары лауазымды тұлғалар – мемлекеттік хатшы, сыртқы істер министрі не энергетика министрі келсе келуі мүмкін, ал президенттер деңгейінде сапар күту қиын", – дейді ол.

Тайжан, сондай-ақ, алдағы уақытта Владимир Путин мен Дональд Трамптың кездесу мүмкіндігіне тоқталып, «екі президенттің өзара сөйлесетіні анық, бірақ нақты қандай нәтижеге қол жеткізетінін болжау қиын» деген пікірде.

«Менің ойымша, олардың мүдделері мүлде тоғыспайды. Сондықтан ортақ мәмілеге келуі екіталай. Трамп Украинадағы жағдайды шешемін деп талай мәрте мәлімдеген. Алайда бұл мәселені біржолата, түбегейлі реттеу оның қолынан келе қоярына өз басым күмәнмен қараймын. Дей тұрғанмен, Трамптың радикалды әрекеттерге бейім тұлға екенін ұмытпауымыз керек. Мысалы, "Солтүстік ағын" газ құбырына тыйым салған осы Трамп еді. Украинаға алғаш рет ұшқышсыз қару берген де – Трамптың әкімшілігі. Путинмен өтетін келіссөзден кейін АҚШ-тың Украинаға беретін әскери көмегі ұлғаяды деп ойлаймын", – дейді Мұхтар Тайжан.

Саясаткер, АҚШ-тың Орта Азияға қатысты ұстанымы Трамптың тұсында да елеулі өзгеріске ұшырамайды деген ұйғарымға келіп отыр. Еліміз үшін ең үлкен ықпал – мұнай нарығындағы бағаның өзгеруі болуы мүмкін. Трамптың жеке бағыты әмірикалық мүддені табанды түрде қорғап, жаһандық деңгейдегі келісімшарттардан алшақтауымен ерекшелене бермек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар