Көмір химиясы. Кокстан бастап иіссуға дейін өндіруге болады

Dalanews.kz 16 қаң. 2025 11:18 390

Әдетте біздер «Қазақстан мұнайлы ел, мұнай химиясын дамытуымыз керек» деп жүргенде, мұнайдың да шеті көрініп қалғаны жасырын емес. Нақты барлау жұмыстарына назар аударсақ, алдағы 50-60 жылда мұнайдың да түбі көрінуі бек мүмкін. Қазыналы қазақ жерінің жер қойнауында мұнайдан гөрі көмірдің мол қоры бар. Мамандар оны 500-600 жылға дейін алаңсыз өндіруге болатынын алға тартуда. Бірақ қазір төрткүл дүние баяғыдай көмір жағып, қуат көзін өндіруден бас тартып жатқаны белгілі. Мұндай жағдайда көмірді тек қана отын-энергетика көзі ретінде әсте пайдалануға болмайды.

Бірақ көмір химиясының келешегі зор. Кезінде Екінші дүниежүзілік соғыста неміс басқыншылары көмір химиясын дамытып, танктеріне көмірден шыққан дизель отынын құйып, әскери операцияларын жалғастырғанын тарихтан білеміз.

Сол себепті қазіргі таңда көмір химиясын дамытуға ешқандай ел шектеу қойып отырған жоқ. Осыдан біршама уақыт бұрын ERG тобы акционерлерінің бірі Шухрат Ибрагимов Қарағандыдағы «Шұбаркөл көмір» компаниясының аумағында екі бірдей Шұбаркөл кокс-химия зауытын салып, кокс пен көмір смоласын өндіріп жатқанын естіп едік. Таяуда осы зауытты көзбен көріп, оның жұмысымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болдық. Зауыт басшысы Сабыржан Иманбаевпен сұхбаттасып, заман талабына сай инновациялық кәсіпорынның қалай жұмыс істеп жатқанын сұрап, білдік. Енді сол сұхбатқа назар аударсаңыздар.

– Сабыржан Шайзатұлы, елімізде миллиондаған тонна көмір өндірілетінін көпшілік жақсы біледі. Тіпті сіздер өндіретін Шұбаркөл көмірі сапасы жағынан ел ішінде аса танымал десек артық айтқандық болмас. Ал металлургия саласына қажетті кокс өндіру ісінде Шухрат Ибрагимов сынды мемлекетшіл азаматтардың арқасында жаңа зауыт салып, іске қосқандарыңызды естіп, қуанып жатырмыз. Әңгімеміздің әлқиссасын кокс өндірісінен бастасақ.

– Елімізде кокс өндірісі біршама дамыған. Бірақ өте ірі көлемде кокс өндіретін кәсіпорындарымыз болған жоқ. Ал металлургия саласы айтарлықтай дамыған ел үшін кокс өндірісінің тиісті деңгейде дамымағаны елдігімізге сын еді. ERG тобы жетекшілерінің бірі Шухрат Ибрагимов мырза осы олқылықтың орнын толтырды десек болады.

2024 жылы «Шұбаркөл көмір» компаниясының аумағында жылына 400 мың тонна металлургия саласына арналған кокс өндіретін зауыт толық қуатында жұмыс істей бастады. Біздер кокс өндіруге қажетті көмірді іргеміздегі Шұбаркөл кенішінен тасымалдаймыз. Шұбаркөлдің көмірінің сапасы өте жоғары. Мұндағы көмірді жартылай коксқа пара-пар десек болады.

Кез келген көмірден кокс өндіру қиын. Металлургия саласына қажетті кокс өндіру үшін сапасы өте жоғары көмір қажет. Жалпы, халық Шұбаркөлдің көмірі қызуы мен күлінің аз шығатынын айтып ұдайы мақтап отыратынын өзіңіз айттыңыз ғой. Бұған өз тарапымнан Шұбаркөлдің көмірінің химиялық реакцияға тез түсетінін қосуға болады. Сонымен қатар көмір құрамында көп кездесетін күкірт, мышьяк, хлор сынды улы заттар өте төмен. Мұны Шұбаркөлдің көмірінің басты артықшылығы деп атап айтсақ болады.

Енді зауытқа келсек, кәсіпорынның құрылысын жүргізу ісі 2020 жылдан бастап қолға алына бастады. 2021 жылдың қыркүйек айында Қытайдың инженерлік құрылысы компаниясымен жаңа кокс зауытының құрылысын жүргізу бойынша келісім-шартқа қол қойылған болатын. Осылайша, NFC Kazakhstan компаниясы зауыттың құрылыс жұмыстарын үш жыл бойы тоқтаусыз жүргізді.

Бұл – пандемиядан кейінгі кезең болғандықтан, құрылыс жұмысына қажетті жабдықтарды жеткізуде логистикалық тұрғыдан қиындықтар туғызғаны анық. Бірақ келісімге отырған мердігер компания барлық қиындықтарды еңсеріп, зауыттың құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізді.  

2023 жылы біз екі пештен тұратын зауыттың алғашқы пешін іске қосып, сынақтан сәтті өткіздік. Елімізде мұндай ірі кокс-химия кәсіпорны салынбағандықтан, біздер мердігерлермен бірге өндірістік пилоттық іске қосу жұмыстарын қатар алып жүрдік. Зауытты Қазақстанның қатал табиғатына бейімдеп, орын алған кемшіліктерді сол заматта жойып отырдық.

– Сонда алып зауытты еліміздің климаттық жағдайына бейімдеген болдыңыздар ғой?

– Әрине, онсыз бола ма? Бір сөзбен айтсақ, Қытай компаниясы өздері қалыптастырған технологиялық тізбекті Қазақстанның табиғатына барынша бейімдеді. Сол себепті Шұбаркөлді кокс-химия зауытының бірегей технологиясы қалыптасқан деп нық сеніммен айта аламын.   

Осылайша, 2024 жылдың қыркүйек айында жобада көрсетілген барлық параметрлерге (кокс өндіру көлемі мен сапалық көрсеткіш бойынша) қол жеткіздік.

– Сабыржан мырза, зауыттың құрылыс жұмыстарын жүргізуде қандай қаржы көздерін пайдаландыңыздар?

–  Зауыттың құрылыс жұмыстарын жүргізуге Еуразиялық даму банкінен несие алып, соның күшімен жүргіздік. Жалпы, кәсіпорынның құрылыс жұмыстарын қаржыландыруда ешқандай мәселе туындаған жоқ. Бәрі ойдағыдай жүрді.

– Әңгіме арасында Шұбаркөл кокс-химия зауыты елімізде кокс өндіруде бірегей зауыт екенін айттыңыз ғой. Өндіріс орнының көпшілікке беймәлім тағы қандай артықшылықтары бар. Сол жайында аз-кем айта кетсеңіз?

–  Жалпы, зауытты салу барысындағы басты мақсат елімізде көмір химиясы саласын дамыту және ERG тобына қарайтын металлургиялық кәсіпорындарды қажетті кокспен қамтамасыз ету болды. Қазіргі таңда осы екі мақсатқа да қол жеткізіп отырған жайымыз бар.

Қазақстанда металлургия саласына қажетті кокс өндіретін ірі кәсіпорын болмағанын әңгіме арасында айттық қой. Сондықтан біздің зауыттың басты ерекшелігі коксты ірі көлемде өндіретіндігімен ерекшеленеді.

Сонымен қатар зауытты салу барысында заман талабына сай технологиялар мен технологиялық шешімдер пайдаланылғанын атап айтуға болады. Бұл да біздің зауыттың шоқтығын биіктете түсетіні сөзсіз.

– Сабыржан мырза, өзіңіз басқаратын зауытта тек кокс қана шыға ма?

– Негізгі өнім – кокс. Ал көмірді термиялық өңдеу барысында көмір смоласы мен майы және белгілі мөлшерде газ да шығады. Бүгінде біздің кәсіпорын өндіріп отырған көмір смоласы мен май көмір химиясы саласында үлкен сұранысқа ие. Зауытымызда жылына 80 мың тоннадан астам көмір смоласы өндіріледі.

Смоланың бәрін солтүстіктегі көршіміз Ресейге экспорттаймыз. Қазіргі таңда Қазақстанда көмір смоласын кәдеге жарататын кәсіпорындар жоқ. Бізде өндірілген көмір смоласын Ресейдің Омбы, Ярослав қаласындағы техникалық көміртек зауыттары сатып алады. Олар көмір смоласына тиісті мөлшерде каучук қосып, көлік құралдарына қажетті шиналар мен өзге де бұйымдар жасайды.

– Оқырмандарымызға қарапайым көмірден кокс, көмір смоласын және газдың қалай алынатыны қызық екені анық. Осы ретте зауыттың өндірістік циклы жайында аз-кем әңгімелеп берсеңіз?

– Басынан бастап айтсақ, бірінші кезекте өндіріс басына Шұбаркөл көмір кенішінен конвейерлік лентамен жеткізілген тас көмірді тиісті мөлшерде уатып, дайындап аламыз. Бұдан кейін уатылған көмір үлкен пешке түсіп, термиялық өңдеуден өтеді. Пешке түскен көмір 650-700 градусқа дейін қыздырылады. Сол кезде көмір реакцияға түсіп, коксқа айналып, бойындағы өзге заттарды бөліп алуға мүмкіндік туады.

Көмір термиялық өңдеуден өткеннен кейін арнайы ваккумдалған ванналарда суытылады. Дәл осы кезде көмірдің бойындағы смола мен газды тиісті технологиямен бөліп аламыз. Мәселен, көмір смоласы ваннаның түбіне шөксе, газды арнайы құбырлар арқылы бөліп алуға болады.

Осы ретте көмірді термиялық өңдеу кезінде де газ бөлінетінін айта кетуіміз керек. Біздер бөлінген газды төрт кезеңнен тұратын тазартудан өткізіп, жинақтаймыз. Әбден тазарған газдың 40 пайызы көмірді термиялық өңдеуге пайдаланылады. Көмірді термиялық өңдеуде зауыт көмір жақпайды, көмірден шыққан газды пайдаланады.

Ал қалған газды зауыт аумағында қазандықтарға жөнелтіп, пар өндіреміз. Пар көмір смоласын құбырлар арқылы айдауда оның белгілі көлемде сұйық деңгейде болуын қамтамасыз етеді. Зауытта көмір смоласы жүретін құбырлармен бірге пардың құбыры да қатар тартылғанын байқаған шығарсыздар. Осы құбырдағы пардың қызуы көмір смоласының сұйық күйде болуын қамтамасыз етеді. Бұл процесс қысы-жазы тоқтамайды. Жылу қазандығында өндірілген парды зауыттың өндірістік процесті бақылайтын орталығын жылумен қамтамасыз етуге де пайдаланамыз.

– Сабыржан мырза, білікті маман ретінде айтыңызшы, елімізде көмір химиясының болашағы қандай?

– Өз басым көмір химиясының болашағы зор екеніне толықтай сенемін. Егер көмірді өңдеу технологиясын барынша дамытсақ, көп пайдаға кенелеміз. Біз көмірді тек пешке жағып, жылу өндірудің көзі деп ойлаймыз ғой. Шындығында, көмірден көп дүние өндіруге болады. Көмір химиясын жоғары деңгейде дамытса, басқасын айтпағанда, одан иіссу да өндіруге болады. Осыдан-ақ көмірдің қаншалықты баға жетпес байлық екенін бағамдай беріңіз.

– Әңгімеңізге рақмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар