АҚШ-тың Денвер халықаралық әуежайында жолаушылар ұшағы адам өліміне әкелген қайғылы оқиғаға тап болды, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 8 мамыр күні кешкі уақытта тіркелген. Лос-Анджелеске бағыт алған Frontier Airlines әуе компаниясының Airbus A321 ұшағы ұшу жолағында екпін алып келе жатқан сәтте жолда жүрген адамды қағып кеткен.
Америкалық ақпарат құралдарының мәліметінше, зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмған. Сондай-ақ дене бөлігінің ұшақ қозғалтқышына түсіп кетуі салдарынан қысқа уақытқа өрт шыққаны айтылды.
Өрт сөндірушілер жалынды жедел түрде өшірген. Ұшақ ішінде 224 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болған. Оқиғадан кейін экипаж ұшуды дереу тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Кейін әлеуметтік желіде ұшқыш пен диспетчер арасындағы радиоэфир жазбасы тарады.
"Диспетчер, Frontier 4345. Біз ұшу жолағында тоқтадық... Бір адамды қағып кеттік... Қозғалтқышта өрт шықты", – деген ұшқыштың дауысы естіледі.
Артынша экипаж командирі ұшақ ішінде түтін пайда болғанын айтып, жолаушыларды шұғыл эвакуациялау қажет екенін хабарлаған.
Жолаушылар үрлемелі траптар арқылы тікелей ұшу жолағына түсіріліп, кейін арнайы автобустармен терминалға жеткізілген.
Алдын ала ақпарат бойынша, бір жолаушы жеңіл жарақат алған. Борттағы барлық адам медициналық тексеруден өтті.
Frontier Airlines компаниясы оқиғаның себептерін анықтау үшін әуежай әкімшілігі және қауіпсіздік қызметтерімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Қазір Денвер полициясы мен АҚШ Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі тергеу жүргізуде. Сонымен қатар әуежай аумағындағы қоршаулар тексеріліп, адамның ұшу жолағына қалай кіріп кеткені анықталып жатыр.