Қарағанды облысындағы шахталар көмірді құрғақ байытатын болады

Dalanews 17 сәу. 2026 16:12

Qarmet компаниясының шахталарында көмірді құрғақ байытуға арналған заманауи кешендер құрылысы жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бастама өндірістің тиімділігін, экологиялық тазалығын және технологиялық деңгейін арттыруға бағытталған компанияның ауқымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жоба бірден төрт шахтада іске асырылуда: «Шахтинск», «Қазақстан», «Абай» және Т. Күзембаев атындағы шахта. Оның негізгі міндеті – көмір сапасын өндіру кезеңінің өзінде жақсартып, шикізатты әрі қарай өңдеуге дайындау.

Жаңа кешендер шағын форматтағы байыту қондырғылары, яғни толық өңдеу циклін қамтамасыз ететін мини-фабрикаларлан тұрады. Ол шикізатты беру мен ұсатудан бастап байыту және дайын өнімді қоймаға дейін жеткізуге дейін жұмыс істейді. Әр кешеннің өнімділігі сағатына шамамен 300 тонна, ал жоғары деңгейдегі автоматтандыру өндірістік процестердің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаның негізінде суды пайдалануды қажет етпейтін ауа арқылы бөлу технологиясы жатыр. Бұл шешім көмір байыту тәсілін түбегейлі өзгертіп, пайдалану шығындарын азайтады және қоршаған ортаға әсерді барынша төмендетеді.

«Бұл технологияның негізгі қағидасы – судан толық бас тарту. Көмір мен жынысты бөлу ауа ағынындағы тығыздық айырмашылығы арқылы жүзеге асады. Бұл экологиялық қауіпсіздікті арттырады, шығындарды азайтады және климаттық жағдайға қарамастан жабдықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді», — деді «Шахтинск» шахтасының күрделі құрылыс жөніндегі бас инженері орынбасары Василий Барабанов.

Экологиялық аспектілерге ерекше назар аударылған: суды пайдаланудың болмауы сұйық қалдықтардың пайда болуын болдырмайды, ал бөлінген жыныс қосымша өңдеусіз-ақ қауіпсіз түрде үйіндіге жіберіледі.

«Біз көмірдің күлділігін төмендетіп, соның есебінен “Восточная” орталық байыту фабрикасының тиімділігін арттырамыз. Өңдеуге бұдан да сапалы шикізат түсетін болады», — деп қосты Василий Барабанов.

Кешендерге арналған жабдықтар жеткізілген және қазіргі уақытта кедендік рәсімдеуден өтуде. Алдағы уақытта қызметкерлер жабдықтаушы компания өкілдерінің қатысуымен арнайы оқытудан өтеді.

Жобаны жүзеге асыру Qarmet компаниясының көмір өндіру активтерін жүйелі жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады. Компания заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізу арқылы өндіріс өнімділігін, қауіпсіздігін және экологиялық стандарттарды арттырып, кәсіпорынның да, тұтас саланың да тұрақты дамуын қамтамасыз етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove