Ақтөбеде Жеңіс күніне арналған еске алу шаралары өтті

Ақтөбеде Жеңіс күніне арналған еске алу шаралары өтті

9 мамыр – Жеңіс күніне орай Ақтөбеде Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларды еске алу шаралары ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараларға 15 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қала тұрғындары Даңқ обелискісіне, «Зеңбірек» ескерткіш-обелискісіне, Бауырластар зиратына, сондай-ақ Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Еске алу рәсімдеріне Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, мемлекеттік органдар мен күштік құрылым өкілдері, депутаттар, ардагерлер және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.

Жиналғандар майданда қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, елдің азаттығы мен бейбіт болашағы үшін жанын қиған ерлерге тағзым етті.

Сондай-ақ Жеңіс күні облыс әкімі өңірдегі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері, 102 жастағы Василий Грецкиймен кездесіп, оған Қасым-Жомарт Тоқаевтің құттықтау хатын табыстады.

Президент құттықтауында Жеңіс мерекесінің жеңімпаз ұрпақтың қайсар рухы мен ерлігінің символы екені атап өтілген.

Өңір басшысы соғыс жылдары Ақтөбе облысынан 122 мың адам майданға аттанып, олардың 36 мыңы елге оралмағанын айтты. Сонымен қатар ақтөбелік 35 азамат Кеңес Одағының Батыры атанып, 9 жауынгер Даңқ орденінің толық иегері болған.

– Василий Иванович Ұлы Отан соғысы майдандарында шайқасып, Жеңісті Берлин түбінде қарсы алған. Оның өмір жолы – ерлік пен Отанға адал қызмет етудің айқын үлгісі, – деді Асхат Шахаров.

Ардагердің құрметіне Хромтау қаласындағы үйінің ауласында мерекелік концерт ұйымдастырылып, патриоттық әндер шырқалды.

Жеңіс күніне арналған шаралар өткенге тағзым мен ұрпақтар сабақтастығының маңызды белгісіне айналды.