Жаркентте өткен мерекелік лотереяда жас жігіт әскерге жолдама ұтып алды

Жаркентте өткен мерекелік лотереяда жас жігіт әскерге жолдама ұтып алды
ашық дереккөзден

Отан қорғаушылар күніне орай Жаркент қаласының орталық алаңында өткен мерекелік шарада ерекше оқиға болды. 18 жастағы Рахат Қабылжан күтпеген сыйлыққа ие болып, мерзімді әскери қызметке жолдама ұтып алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама жастардың әскерге деген қызығушылығын арттырып, әскери қызметтің маңызын насихаттау мақсатында қолға алынған.

Жас жігіттің өзі бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдағанын айтады. Оның сөзінше, әскерге бару – бала күннен бергі арманы.

"Шекараға жақын ауданда өстім. Әскери формадағы адамдарды көріп өстік. Әскерде жүрген ағаларымыз бен таныстарымызға қызығып қарайтынмын. Сондықтан бұл мен үшін ерекше мүмкіндік болды", – деді Рахат Қабылжан.

Ал аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Серік Асанов жеңімпазға өзі таңдаған әскери бөлімде қызмет етуге мүмкіндік берілетінін жеткізді.

Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыру бағытында түрлі патриоттық жобалар мен акциялар ұйымдастырылып келеді.