«Қазақмыс» корпорациясы технологиялық даму мен өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытын күшейтуде, деп хабарлайды Dalanews.kz
Ғылыми-техникалық кеңестің (ҒТК) отырысында компания 2026 жылға арналған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстың (ҒЗТКЖ) портфелін бекітті. Ғылымға, цифрландыруға және инновацияға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрайды.

«ҒЗТКЖ-ға инвестиция салу – біз үшін өндірістік тәуекелдерді басқарылатын параметрлерге айналдырудың тиімді құралы. Біз жасанды интеллектті ең алдымен кеншілер мен байытушылардың еңбегін қауіпсіз әрі болжамды ету үшін енгізудеміз», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
Қабылданған шешім компанияның стратегиялық ұстанымын көрсетеді: технология арқылы өндірістік тәуекелдерді төмендету, адам факторын барынша азайту және өндіруден бастап өңдеуге дейінгі барлық үдерістің тұрақтылығын арттыру.

ҒТК отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелеріне ерекше назар аударылды. Компания кеніштердегі газ мөлшері жоғары учаскелерді зерттеуді жалғастырып, газсыздандыру мәселесі бойынша шешім әзірлейді. Бұл жерасты жұмысында апаттың алдын алу үшін аса маңызды.
Мақұлданған бастамалар қатарында шикізатты өңдеу тиімділігін арттыру және экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған жобалар бар. Бұл концентратты қоюлату, сүзу кезінде ылғалды төмендету, сондай-ақ техногендік шикізатты өндірістік циклге енгізу технологиясын қамтиды. Аталған шаралар металл алу тиімділігін арттырып қана қоймай, шығарындылар мен қалдық көлемін қысқартуға ықпал етеді.
Талқылау нәтижесінде жобалардың бір бөлігі өндірістік блок пен цифрландыру қызметімен бірлесіп қосымша пысықтауға жіберілді. Бұл шешімдердің экономикалық тиімділігі пен технологиялық негізділігін бағалаудағы компанияның жүйелі көзқарасын көрсетеді.
Осылайша, бекітілген ҒЗТКЖ портфелі мен айқындалған стратегиялық бағыттар «Қазақмысты» одан әрі жаңғыртудың негізін қалайды. Компания ғылымның, технологияның және қауіпсіздіктің тұрақты дамуы мен ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттіліктің негізгі элементтеріне айналатын үлгісін кезең-кезеңімен қалыптастырады.
t.me/kazakhmys_news