"Тасмағамбетовке дейін ұсыныс жасадық". Депутат Бапи Мәжілісте жаңа бастама көтерді

Сағыныш Сардарова 28 мам. 2025 14:22

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жаңа бастама көтеріп, Үкіметке сауал жолдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол премьер-министр Олжас Бектеновке, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған сауалында Ұлттық қару-жарақ музейі немесе Ұлттық қару-жарақ палатасын ашуды ұсынды.     

"Францияда Орта ғасырдан бергі әскери тарихтың куәсі Париж әскери музейі бар. Лондондағы Корольдік қару-жарақ палатасы мен Империялық әскери музейі британдық елдік пен ерліктің ерен үлгісін паш етеді. Ресейде Кремльдің қару-жарақ палатасы әлемге әйгілі. Көршілес Өзбекстанда Әмір Темір мұражайының бір бөлігі қару-жараққа арналған. Бакудегі Әзірбайжан көшпенділер музейі Түркі мәдениетінің қару-жарағын дәріптеу орталығы саналады.

Ал біздің тәуелсіз Қазақстанымызда мұндай ұлттық нақыштағы қару-жарақ музейі атымен жоқ. Біз Ұлы Даланы бірнеше ғасырлық жаугершіліктен сақтап қалған, ғұндар мен сақтардан бергі түркі халықтары шоғырланған континеттің ортасын мекендеген қазақ ұлтымыз. Ендеше бізде Ұлттық қару-жарақ музейі неге жоқ?" - деген сауал тастады ол.

Депутаттың пікірінше, әлемдік өркениеттің дамуына түрткі болған арбаның ағаш доңғалағынан бастап аттың ауыздығы мен үзеңгісіне дейін қару-жарақ ретінде саналуға тиіс.

"Қазақ ауыз әдебиетінде садақтың қолданылған материалдарына қарай «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ», техникалық мүмкіндігіне байланысты «сарыжа», «сарсадақ», «қандауыр садақ», «көнсадақ», «бұқаржақ» атаулары бар. Қылыш, найза мен шоқпардың түр-түрін былай қойғанда, «сақ етер», «сілбі» қаруының бірнеше үлгісі болған. Доспанбет жыраудың бір жырында айтылатын «Сақетер тиді саныңа, сақсырың толды қаныңа» дейтін «сақ етердің» бірнеше түрі ағайынды темірші ұсталар Құлментегінің үш бөлмеден ғана тұратын музей-үйінде сақтаулы тұр. Батырлардың жорық киімдерінің неше түрі болған: «аймауыт сауыт», «көбе сауыт», «қанды көбе», «кебенек», «торғайкөз», т.т. Мен атап шыққан қару-жарақ атауының көпшілігі өзбектің Әмір Темір музейінде немесе Әзірбайжан көшпенділер музейінде жоқ", - деді ол.

Депутат бұл сауал бұған дейін жауапты адамдарға жолданғанын еске салды.

"Бүгінде жоғалып кеткен бұл қару-жарақ түрлерін қайдан табамыз?" деген сұрақ тууы әбден мүмкін. Ешқандай қиындық жоқ! Қазан қаласы, Мәскеу мен Петербордың архивтері мен музейлерін аралап, көзмайын тауысып, қазақтың қару-жарағын жылдар бойы зерттеген ағайынды темірші шеберлер Құлментегілер барлық алғышарт материалды сақтап отыр. "ДАТ" газеті бір топ теміршілердің бастамасын көтеріп, кезіндегі қорғаныс министрі, бүгіндері ұлтшыл атанып жүрген Иманғали Тасмағамбетовке дейін шығып, "Қазақ қару-жарақ палатасын" ашу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Бірақ бастама билік тарапынан баянды болмады", - деді ол.

Ол елімізде Ресей әскери-тарихи музейінің филиалы ашылғанына қынжылды.

"Өзіңде жоқ болса, өзгенің қалған-құтқанына кіріптар боласың дегеннен шығады: жуықта Қазақстанда Ресей әскери-тарихи музейінің филиалы ашылыпты. Бұл қандай мұқтаждықтан туған бастама?

Бізде ұлт мүддесі мен мемлекеттік тәуелсіздік танымына нұқсан келтіретін осындай қойыртпақ құбылыстарға қатысты қоғамдық дау-дамайды саяси билікпен байланыстыру жаман үрдіске айналып барады. Шет елдің соғыс музейі ашылды деген хабарды түрпідей қабылдаған, өздерін ұлт патриоттары атайтын азаматтар әлеуметтік желілерді шулатып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент депутаттарының атына сын айтып жатыр. 

Ай мен күннің жарығында осындай қоғамдық дүрмек бізге қажет пе еді? Көрші елдермен байланысты геосаяси жағдай теңселіп тұрған кезде аяқ астынан осындай әскери музейге деген қажеттілік қайдан туды?" - деді ол.

Депутат бұл сауалға берілген жауап ресейлік музейдің филиалына байланысты туындаған қоғамдағы қажетсіз қозғалыстың буын басуға ықпал етеді деп есептейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар