Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайраттың ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, тергеу ісі аяқталған, қазір іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр.
“Қылмыстық іс созылып жатқан жоқ. Тергеу толық аяқталған. Қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Бұл – заңда көрсетілген міндетті процесс. Перизат Қайраттың өзі осы танысу процесін ұзартқандықтан, арнайы график бекітілді. Сол кестеге сәйкес, танысу 9 маусымда аяқталады”, – деді Елемесов.
Оның айтуынша, танысу кезеңі біткеннен кейін үш күн ішінде іс материалдары хаттама түрінде рәсімделіп, әрі қарай он күн ішінде прокуратура шешім қабылдайды.
Журналист “Сотталушы ретінде бұл істе тек екі адам ғана бар ма?” деп сұрақ қойды.
“Иә, қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша сотталушы ретінде тек екі адам – Перизат Қайрат пен оның анасы ғана тартылып отыр”, – деп жауап берді Елемесов.
Сот отырысы қашан өтеді?
Сот отырысының нақты күні әзірге белгісіз. Алайда заңнамаға сәйкес, іс материалдарымен танысу 9 маусымда аяқталып, ары қарай белгіленген мерзімдерге сай сотқа жолданады.
“9 маусымнан кейін үш күн ішінде хаттама дайындалады, сосын 10 күн ішінде прокуратура шешім қабылдайды. Осыдан соң ғана сот отырысының нақты күні белгілі болады”, – деп нақтылады ҚМА өкілі.
Перизат Қайратқа қатысты іс
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
Алайда 2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар, ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. Жуырда Перизат Қайратқа қатысты істі тергеу аяқталды.