Dalanews.kz Тасмағамбетовтың ой-пайымына назар аударып, ұйымның аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмай отырғанын анықтады. Десе де, Имекең ұйымның кем-кетігін сылап-сипап, аймақ елдері үшін қызығы таусылған ұйымды дамытуға қатысты ойын айтумен болды.
Енді Имекеңнің ой-пайымына назар аударыңыздар.
– Халықаралық саяси жағдайдың ушығуы, өңірлік деңгейдегі конфликтілерің күшеюі халықаралық қатынастар жүйесін бақылауды төмендетуде.
Салдарынан геосаясаттағы негізгі ойыншылар саяси және экономикалық мүдделерінің тоғысу нүктесін таба алмай жатыр. Гибридті технологияларды қолдану ахуалды асқындырып, ұлттық тәуелсіздік фактілерін анықтауда айтарлықтай қиындық туғызуда, – дейді Тасмағамбетов.
Оның айтуынша, халықаралық құқықтың ескіруі, халықаралық ұйымдардың мәртебесінің төмендеуі жағдайды барлауға мүмкіндік бермей мемлекеттердің қауіпсіздігіне кері әсер ете бастаған.
– Өкінішке қарай, жаһандық деңгейдегі жанжал аймақтық, тіпті субаймақтық деңгейге көтеріліп, байырғы проблемаларды қоздырып, жаңа дау-шарлардың пайда болуына жол ашуда. Оларды шешу кезінде уақыт талабын ескеріп, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу үшін қосымша күш қажет.
Бұл мәселе ҰҚШҰ-ның жауапкершілігіне қатысты болып тұр. ҰҚШҰ аумағында түрлі гибридті технологиялар сынақтан өтіп, ұйымға мүше мемлекеттердің ішкі тұрақтылығына айтарлықтай қатер төндіруде
Мұндай жағдайда қауіпсіздік саласындағы субөңірлік ынтымақтастықтың рөлін арттырудың маңызы зор. Өйткені жергілікті мәселелер ерекше сипатқа ие болғандықтан, оны жаһандық халықаралық ұйым шеше алмайды, – дейді ҰҚШҰ Бас хатшысы.
Тасмағамбетовтің пайымынша, жергілікті жерге тән проблемаларға деструктивті мақсаттарды көздейтін сырт күштер ашық немесе жасырын араласса, жағдай ушығып аймақтық проблемаларға айналуы бек мүмкін екен.
– ҰҚШҰ-ның жауапкершілігіндегі аумақ жайында айтсақ, аймақта шекара проблемасы және шекаралық қақтығыстар бар. Сонымен қатар бізде бұл мәселелерді ретімен шешудің оң тәжірибесі де бар. Айталық, Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы жанжал делдалсыз, мемлекет басшыларының күш-жігерінің арқасында біртіндеп шешіліп жатқанын айтуға болады. Жалпы, шекараның учаскелерін делимитациялау және демаркациялау жұмыстары жүргізілуде, – деді спикер.
Жиында Тасмағамбетов Оңтүстік Кавказдағы күрделі жағдайды айта келе, аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ҰҚШҰ шешімі қолдау таппай отырғанына да алаңдаушылық білдірді.
– ҰҚШҰ-ның жауапкершілігіне жататын оңтүстік шекараларында лаңкестік әрекеттер, заңсыз көші-қону және қару мен есірткінің заңсыз айналымының таралу қаупі әлі сақталуда. Террористік және экстремистік элементтердің енуін тек Ауғанстандағы аса күрделі жағдаймен ғана емес, сонымен қатар шекаралас аймақтардағы тұрақсыз жағдаймен де байланыстыруға болады. Сондықтан тәжік-ауған шекарасының учаскелерін нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның Мемлекетаралық мақсатты бағдарламасы жобасы бойынша жұмыстарды жедел аяқтауымыз керек.
Сонымен қатар Орталық Азиядағы су ресурстарын пайдалану мәселесі өзекті мәселе болып тұр. Оның саясилануы болашақтағы қақтығыстардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл мәселелерді елемеу аймақтық деңгейде апатты салдарға әкелуі мүмкін, – дейді ҰҚШҰ басшысы Тасмағамбетов.
Өз кезегінде ҰҚШҰ басшысы ұйым жаңа сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге жауап беру үшін аналитикалық қолдау және болжау қызметіндегі мүмкіндіктерін арттырып жатқанын айтты.
– Алдағы уақытта ұйым биологиялық қауіпсіздік саласындағы қатерлерге қарсы тұрудың тиімді әдістерін әзірлеуге баса көңіл бөлетін болады. ҰҚШҰ қызметінің негізгі бағыты дағдарысқа қарсы әрекет ету және қауіпсіздік компонентін нығайту, ұйымның ұжымдық күштерін оқыту және басқару жүйелерін жетілдіру болып табылады.
Бұл күш-жігердің нәтижелері бірлескен жауынгерлік оқу іс-шаралары форматында жүйелі түрде сыналады. Бітімгершілікті дамытудың маңызы зор. ҰҚШҰ-ның ұжымдық бітімгершілік әлеуеті өзінің тиімділігін 2022 жылдың қаңтарында Қазақстандағы дағдарысты жағдайды жеңілдету кезінде дәлелдеді, – деді Бас хатшы.