Министр Сәтқалиев автогаз нарығындағы күрделі ахуалды ашық айтуға мәжбүр болды

Dalanews 08 қар. 2023 09:37 573



Қазақстанда сұйытылған газ тапшы және бұл мәселе жуық арада шешілмейді. Сәрсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осылай деп мәлімдеді.






"Нарықта газ едәуір тапшы. Қазір автожүргізушілерге: аталған отын түрі елде тапшы және бұл мәселе жуық арада шешілмейді деп ашық айтуға мәжбүрміз" деді Сәтқалиев. Оның сөзінен Vlast келтіреді.




Министрдің айтуынша, кейінгі 9 айда газды тұтыну көлемі 25 пайызға артқан, яғни қазір айына 225-250 мың тонна газ тұтынады. Егер бұл тенденция жалғаса берсе және шара қолданылмаса, газ тапшылығы ушығады.



Ол азаматтармен түсіндірме жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, энергетика министрлігінің автогаз бағасын өсіру бастамасы үкімет деңгейінде кеңінен талқыланады деді.

"Мемлекеттің әлеуметтік осал топтарды қолдау нормаларын қолдануға мүмкіндігі бар. Мемлекетте өндірісті субсидиялау арқылы қолдау құралы бар. Үкімет кез келген жағдайда теңгерімді түрде әрекет етеді" деді ол.

Бір апта бұрын, 1 қарашада энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған газ бағасының өсетінін хабарлаған. Министр "газ бағасы бірден емес, сатылы түрде 110 теңгеге дейін өседі" деген. Сәтқалиевтің сөзінше, қазір отын газасы ішкі нарыққа өз бағасынан төмен — 50-80 теңге аралағында сатылып жатыр.

Қазақстанда бөлшек саудадағы сұйытылған газдың шектік мөлшерін мемлекет реттейді.

Энергетика министрлігі қыркүйек айында сұйытылған мұнай газының шектік бағасын анықтау ережесі бекітілген министрдің қаулы жобасын жариялаған. Оған сәйкес, енді сұйытылған газ бағасы жарты жыл сайын өзгеріп отырады (бұған дейін жылына бір рет өзгертілген).

2022 жылы қаңтарда Жаңаөзенде жұрт сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық білдіріп, мұны Қазақстанның басқа аймағы да қолдаған. Сұйытылған газ бағасына қарсылық кейін басқа да әлеуметтік талаптарға ұласқан. Артынша наразылық елде тәртіпсіздікке ұласып, Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты. Кейбір сарапшылар "дағдарысқа қарсы тиімді шара қолдана алмаған билік наразылықтың артуына жол ашып отыр" деп есептейді.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар