Әліптің артын бағып, біз біраз мағлұматты зерделедік. Интернеттегі саусаған контенттің арасынан іліп-алар дүниелерді тауып, мамандарды сөзге тарттық. Біз тек қана әскерилермен ғана емес, сонымен қатар ТЖМ, ІІМ, дәрігерлер секілді осы саланың ұңғыл-шұңғылын түсінетін адамдармен жолықтық.
Бірден айтайын, ешқандай құпия ақпаратпен бөліспеймін, тек қолда бар мәліметке жүгініп, логикалық шешімдерді ортаға саламын. Әрі қарай өзіңіз бағамдап жатарсыз.
Алдымен рет-ретімен баяндап өтейін.
Біріншіден: Арыста да, Байзақ ауданында да жарылыстан зақымданған ғимараттар салыстырмалы түрде алғанда сондай көп те болған жоқ. Құлайын деп тұрған бірлі-жарым ғимарат болмаса, Арыста тұтастай алғанда ешқандай құрылыс түбімен қирап қалмады. Бірақ кейбір “жалған сарапшылар” Түркістан облысындағы бұл шаһарды «жермен жексен болды» деп дабыл қақты. Ол шындыққа келмейді.
Жамбыл облысы мен Арыстағы жарылыста қираған ғимараттардың кейбірі тіпті жиырмасыншы ғасырдың басында тұрғызылған еді. Ал құрылысы жақында аяқталған қиранды ғимарат ешкімнің аяғы баспайтын, қоймаға жақын маңда тұрғызылған.
Жарылыстың жойқын толқыны бұл үйлердің тек шифермен қапталған шатырын ұшырып, терезесін қиратты.
Иә, иә, тек шифермен қапталған шатырлары ғана зақымданды. Ал қойма қоршауынан 100-ақ метр қашықтықта орналасқан металлочерепица немесе профлистпен қапталған шатырлар бүтін күйінде қалды. Дәл осындай жағдай тек Арыста ғана емес, Байзақ ауданында да қайталанды.
Бірақ әділдігін айтсақ, Арыста зиян келтірілген үйлер Байзақ ауданыңа қарағанда, көп болды. Олардың кейбірі, нақтыласақ, онға жуық ғимарат (оннан аспады) қатты зақымданды.
Арыстың қатты қирамағанының дәлелі – 3 күннің ішінде қайта жанданған тіршілік. Соған қарап, Арыс қаласының тұтастай үйінді астында қалмағанын білуге болады. Тұрғындар 3 күн ішінде үйіне оралды, ал мектеп, балабақша, әкімшілік ғимараттар қалыпты жұмысын жалғастырды.
Ал Байзақ ауданында ауыл тұрғындары тіпті келесі күні үйлеріне дін аман оралды.
Екіншіден: қаза тапқандардың саны. Адам өмірі басты құндылықтардың бірі екені сөзсіз. Дейтұрғанмен әскери салада да, күнделікті тұрмыста да “ұйғарынды” немесе “жоспарланған шығындар” деген ұғым бар.
Ресми түрде солай. Ал түрлі саланың мамандары қандайда бір оқиғадағы немесе әскери қақтығыстардағы шығындарды бейресми түрде «үлкен» немесе «аз» деп жіктейді. Бұны түсінуге болады: мысалы, Қазақстанда 2021 жылдың жазында пандемияның асқынуынан қайтыс болғандардың саны тәулігіне 120 адамға жеткен. Халық саны азғантай ел үшін өте көп шығын.
Кейін коронавирустан қайтыс болғандардың саны 20 адамға жеткенде – мұны аз деп есептей бастады. Тағы бір мысал: жол-көлік оқиғасынан 10, тіпті 5 адам көз жұмса, мұны көп деп бағамдаймыз. Сонда кез келген оқиғаның сипаты мен ауқымын негізге ала отырып, шығындарды «көп» немесе «аз» деген сөздермен бағалауға болады.
Енді Арыстағы оқиғаға оралайық. БАҚ-тағы мәліметтерге зер салсақ, өрт салдарынан болған жарылыстың нәтижесінде ондаған мың тонна оқ-дәрі жарылып (басым көпшілігі артиллериялық және реактивті - олардың бөлшегі бірнеше шақырымға дейін ұшу мүмкін).. Бұл туралы ардагер офицердің бірі кеңінен айтқан болатын.
Мұндай ауқымды жарылыс жиі болмайтыны белгілі. Жұрт ойлағандай қираған ғимараттардың көп емес екенін біз жоғарыда талқылап өттік. Ал қаза тапқандардың саны туралы не дейміз?
Оқ-дәрі қоймасының жанында тұрғын-үй, мешіт, тіпті мектептің(!) барын ескерсек, жарылыстан кем дегенде жүзге жуық жан о дүниеге аттануы мүмкін еді.
Біле білсеңіз, жақында ғана Бейрут портында болған жарылыстан 200-ден астам адам қаза тапты. Мамандар ол жақтағы жарылыстың күші Арыстағыдан бірнеше есе аз болғанын айтады.
Ал біз Арыста 3 адамның қайтыс болғанын білеміз: өрт сөндіріп жүрген екі әскери мен бір жергілікті тұрғын. Соңғысы қауіптің ауқымын сезбесе керек, жарылған оттың ұшқынын «қызықтап» тұрған.
Енді әскери тілмен жеткізсек, жүздеген мың тонна оқ-дәрі жарылғанда, ықтимал 100 адамның орнына 3 адамның қайтыс болуы көңілге медеу екеніне келісесіз бе?
Айтпақшы, Арыста өрт сөндіру кезінде көз жұмған екі адам ТЖМ-нің өрт сөндірушілері емес, әскери екенін назарға алғым келеді (айта кетейік ол уақытта өрт сөндірушілер ТЖМ-нің емес, ІІМ-нің құрамында еді). Бұл маңызды факт, және алда әлі бұған ораламыз.
Неге Арыстағы жарылыста қаза тапқандар мен жарақат алғандардың арасында ТЖМ өкілдері жоқ деген сауалды біз сотталған әскерилерден сұрадық. Оқиғаға тікелей қатысы бар әскерилердің жауабы бірдей шықты: қоймадағы өртті әскерилердің өздері өшірмесе ТЖМ (ІІМ) өкілдері қауіпсіздік мақсатында ол жерге кірмейтіндерін айтқан. Дәл осындай әрекетке әскери прокурорлар мен ІІМ тергеушілері де барған.
ТЖМ өрт сөндірушілері суды тек әскери бөлімнің кіре берісіне дейін ғана жеткізіп тұрған, әрі қарай әскерилер өз өмірін қауіпке тігіп тілсіз жаумен күрсекен.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша тергеу амалдарын жүргізіп бастаған ІІМ өкілдері мен әскери прокуратура қызметкерлерінің ешбірі кезекші бөлмесіндегі бейнебақылау жазылған дискті алуға жүрексініп бармай қойған екен. Тек министр мен оның орынбасары келіп, БМП-ға мініп әскери бөлімнің аумағына кірген соң ғана басқалары да кіре бастапты.
Бұл өте дұрыс қадам, себебі өрт сөндірушілер мен құқық-қорғау қызметкерлері аман қалды. Егер де Байзақтағы жарылыста дәл осындай әрекетке ТЖМ-нің өрт сөндірушілері де барғанда, адам шығыны мүлде болмас та еді.
Алайда болар іс болды, бояуы сіңді. Не болса да, өрт сөндірушілер қызметтік міндеттерін атқарып, қаза тапты... Ал, қызметтік міндеттерді орындағанда, қайғылы қателіктерде бола береді.
Енді Байзақтағы оқиғаны алайық. Біріншіден: Арыстағы жарылыста бір тұрғын көз жұмса, Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының бірде бір адам қаза таппағаны түгіл, бәрі дін аман, тіпті ауруханаға да жатқызбаған.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше ауруханаға түскендердің арасында тұрғындардың бірде біреуі болмаған. Иә, түрлі жарақат алған адамдар болды, бірақ олар амбулаториялық көмектен кейін үйлеріне қайтарылды.
Бұдан түйгеніміз: әскерилер бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды алдын ала қолданған екен. Демек, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - аскерлердің басты мақсаты емес пе? Сонда әскери қызметшілер өздеріне тиесілі басты мақсатты – азаматтық тұрғындардың өмірлерін сақтау – толықтай орындап шықты.
Оқ-дәрілердің қоймасы аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Ол киім-кешек немесе азық-түлік сақтайтын қойма емес. Халықтын ішінде жүрген, нақты жұмыс істғп көрген адам өрт деген тілсіз жаудың жер талғамайтынын, уақытқа бағынбайтынын жақсы біледі. Ал егер өрт оқ-дәрі қоймасында, тіпті жанар-жағармай бекеттерінде тұтанса, онда жарылу мүмкіндігі 90 пайызға дейін ұлғаяды. Аман қалуыңның мүмкіндігі оннан бір болса, тәуекелге барудың еш қажеті жоқ екені ақиқат.
Өрт болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайтын болса, өрт жағдайда барынша аман қалудың, адам шығынын азайтудың жолын қарастыру ең маңызды. Арыс пен Байзақ ауданындағы жарылыс салдарынан қаза тапқандардың санына қарасақ әскерилер бұл мақсатқа қол жеткізді десек те болады. Бұл туралы түрлі эксперттер айтқан болатын.
Мұның оқыс бірақ айдан анық қорытындысы былай болу керек шығар: әскерилерді жазалаудың орнына мақтау қажет. Әлбетте барлық шығындарды қалпына келтіру қажет.
Енді таяқтың екінші ұшына қарап, бұл оқиғалардың БАҚ-тағы көрінісіне назар аударсақ. Арыс пен Жамбыл облысындағы жарылыстың ұқсастығына қарамастан мемлекеттің бұл тұрғыда ұстанған ақпараттық саясатының айырмашылығы зор!
Арыстағы жарылыстан кейін қазақстандық БАҚ бірауыздан келісіп алғандай ақпаратты тоқтамастан қарша боратып, жариялады. Мұны тіпті батыстық, ресейлік және қытайлық бақылаушылар таңданыспен айтты. Бұл елдерде мұндай оқиға күнде болмаса да жиі қайталанады. Алайда оның жаңғырығы ақпарат көздеріндегі 1-2 ресми жаңалықпен сап тыйылады. Екінші-үшінші күні мұндай жаңалық оқырманға қызық та болмай қалады.
Ал Қазақстанда Арыс жарылысының шуы БАҚ-та 1 айдан аса «жырланды», оған қоса әлеуметтік желідегі белсенді қолданушылардың жазбалары тағы бар. Жоғарыдан түскен тапсырма секілді елімізде «Біз біргеміз!» деген жалпыұлттық кампания басталды. Оған барлық аймақтарды атсалыстырып, асарлатып қаржы жинап, БАҚта дүрсін-дүрсін көрсетіліп жатты, тіпті олең мен ән жазылды. Дәл осындай ұйымшылдықты бәлкім Ұлы Отан соғысы кезінде ғана көрген шығармыз...
Әлбетте мұндай мүмкіндікті кейбір пысық арыстықтар да уыстан жіберіп алмады. Куәгерлердің айтуынша биліктің назары мен президенттің қамқорлығын сезген кейбір пысықай жұртшылық өздерінің тіпті дін аман тұрған үйлерін қасақана бұзып, көршісінен кем түспейтін үй салуды талап еткен көрінеді. Мұны қызғаныштан айтып тұрғанымыз жоқ – тек жүйесіз бағалаудың нәтижесінде артық шығынға ұшырағанын жеткізгіміз келеді.
Ал енді Байзақтағы жарылыстың БАҚ-тағы көрінісін саралап көрейік. Бұл жолы мемлекеттің ақпарат саясаты мүлдем басқаша өрбіді. Бірақ барлығымыз білетіндей қаза тапқандардың жалпы саны Арыстағы оқиғаға қарағанда 6 есе көп еді. Енді логикаға салсақ ақпарат ағыны алдыңғы жарылыстан артық болмаса, кем болмауы тиіс еді, алайда бәрі керісінше болды.
БАҚ екі-үш күн шулады да басыла қалды. Тіпті оқырманның назарын аударатын басты оқиға – министрдің өз еркімен отставкіге кеткені де оларға «қызық» болмаған секілді. Ал билік болса қайтыс болғандардың жанбасы жерге тимей жатып, тез-тез марапаттай бастады.
Жоғарыдан пәрмен түспесе, бұл оқиғалардың ақпараттық көрінуі басқалай өрбуші ме еді, кім білсін?
Бұл жерде мынадай парадокс бар: Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қайтыс болған өрт сөндірушілердің саны Арыстағыдан көп болса да, ақпарат дабылы Арыстағы оқиғаға қарағанда аз болды.
Неге бұлай болды дейсіз бе? Біз басымызды тауға да, тасқа да ұрдық, ойландық, сөйтсек мұның жауабы айтпаса да түсінікті болғандай көрінді.
2019 жылдың маусымында биліктің көздеген саясатынан елдің назарын басқа жаққа аудару үшін себеп керек еді.
«Мылтықтың басуына, құланның қасуы» тура келгендей Арыстағы жарылыстан кейінгі елдің «зары» сәйкес келе қалды. Ортақ қасіретті бірігіп шешу жолы қашанда ұтымды тәсіл. Мұндай оқиға болмаған жағдайда ұйымдастыра салу да оңай. Алайда болашақта мұндай тәсіл елді тығырыққа тіремесіне кім кепіл? Ал Тараз іргесіндегі жарылыс кезінде бұндай шудың қажеті болмады.
Соңғы уақытта сарапшылардың басым көпшілігі, оның ішінде ресейліктермен қатар шетелдіктер де бар, Арыстағы оқиға мен Жамбыл облысындағы төтенше жағдай қолдан ұйымдастырылған деген пікірлерін айтуда.
Егер солай болса, бұл оқиғалардың күрмеуін шешу кімге тиімді? Әлде бұл пікірді тексеруге және дәлелдеуге ешкімнің құлқы жоқ па?
Бұған қатысы бар және тергеу процесіне әсер етуі мүмкін адамдар үшін бұл қаншалықты қолайлы? Бұл – тағы үлкен сұрақ.
Жамбыл ЖАЙЛАУОВ