Молдова парламенті елдің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрамынан шығу туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Негізгі келісімдерді денонсациялауды 101 депутаттың 60-ы қолдады. Ал коммунистер мен социалистер бұл шешімге қарсы болды. Олардың пікірінше, ТМД-дан шығу ел экономикасына «ауыр зардаптар» әкелуі мүмкін. Бұрынғы президент Владимир Воронин бұл қадамды «экономика үшін трагедия» деп бағалады.
Молдова ұйымнан шығу процесін биылғы қаңтарда бастаған. Енді заңға президент Майя Санду қол қоюы тиіс. Одан кейін сыртқы істер министрлігі тиісті құжаттарды ТМД Атқарушы комитетіне жолдайды. Ел ұйым құрамынан толықтай 12 ай өткен соң ресми түрде шығады.
Айта кетейік, Молдова билігі ТМД-дан шығу жоспарын алғаш рет 2023 жылдың желтоқсанында жариялаған еді.
