Жақында Қазақстанның жаңа Конституциясына сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар еркіндігін шектеуге қатысты ұсыныс айтылды. Аталған нормалар азаматтардың пікір білдіру құқығына елеулі әсер етуі мүмкін. Бұл туралы саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева мен журналист, ғалым Есенгүл Кәпқызы Dalanews.kz редакциясына берген пікірлерінде мәлімдеді. Айтуларынша, ұсынылған өзгерістер демократиялық қағидаттарға қайшы әрі оның азаматтық қоғам үшін салдары ауыр болуы мүмкін.
Ұсынылған нормалар қоғам мүддесін шектейді - саясаттанушы
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Конституцияға енгізілмек өзгерістерді қоғам үшін қауіпті деп санайды.
“Ұсынылған өзгерістер қоғамның мүддесіне мүлдем сәйкес келмейді. Бұл жерде түсініксіз нормалар көп”, – деп атап өтті Үмбетәлиева.
Әсіресе, “ар-намыс пен қадір-қасиет” ұғымының кең әрі анықтамасыз қолданылуы алаңдаушылық тудырады дейді саясаттанушы.
“Ар-намыс деген не? Бұл ұғымға өте кең мағына берілген. Мұндай жағдайда кез келген пікірді осы ұғымның ішіне кіргізіп жіберуге болады. Соның салдарынан журналистердің де, жалпы қоғамның да мүдделері шектеледі”, – дейді ол.
Саясаттанушы бұл өзгерістерден еркіндік емес, керісінше жазалаушы және тәртіптік тетіктер күшейіп жатқанын айтты. Оның пайымдауынша, ұсыныстар 2022 жылы жарияланған демократиялық реформалар бағытына қайшы келеді.
“Егер бұл өзгерістер қабылданса, Тоқаевтың саяси бағыты демократиядан алшақтап, авторитарлық, тіпті тоталитарлық режимге бет бұрғанын көрсетеді. Біз қазірдің өзінде авторитарлық жүйеде отырсақ, енді тоталитарлық жүйеге қарай қадам жасап жатқандаймыз”, – деді Үмбетәлиева.
Ол ұсыныстардың басым бөлігі тоталитарлық режимдерге тән “тәртіп” пен “қауіпсіздік” ұғымдарына негізделгенін атап өтті.
“Депутаттардың айтып отырған бұл түсініктері – тоталитарлық жүйеге тән ұғымдар. Бұл қоғам үшін аса қауіпті. Мұндай нормалар біздің саяси дамуымызға өте үлкен зиян келтіреді. Мен аталған ұсыныстармен мүлдем келіспеймін. Бұл жерде халықтың, қоғамның, журналистердің мүддесін көріп тұрған жоқпын. Тек билікте отырған адамдардың өз мүдделерін, өз құқықтарын қорғап отырғанын ғана көремін. Бұл – әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздіктің айқын көрінісі”,- деп қосты ол.
Айтуынша, егер өзгерістер қабылданса, бұл елдің саяси бағыты демократиядан алыстап, тоталитарлық жүйеге қарай бет алғанын көрсетеді.
“Біз тоталитарлық жүйеден авторитарлық жүйеге өттік, енді демократияға қарай жүреміз” деп Тоқаев уәде берген еді. Бірақ осындай ұсыныстар қабылданатын болса, онда “уәде” орындалмай отыр деген сөз. Тоқаевтың өзі тоталитарлық жүйеден шыққан адам болғандықтан, сол жүйенің түсініктері оған жақын болып тұрғандай әсер қалдырады. Егер нормалар қабылданса, Тоқаев демократияға бет бұрған президент емес, керісінше авторитаризмнен тоталитаризмге қарай бағыт алған президент ретінде қабылданады”, - дейді ол.
Сондай-ақ ол “ар-намыс пен қадір-қасиет” мәселесін заңмен емес, мәдениет пен этика арқылы реттеу қажет екенін алға тартты. Бұл ұғымдарға заң жүзінде нақты анықтама беру мүмкін емес, ал оларды Конституция деңгейінде бекіту негізгі заңды ұсақ мәселелермен толтыруға әкеледі дейді.
“Конституция – ұсақ-түйек мәселелерді шешетін құрал болмауы керек. Конституцияда мемлекеттің саяси және құқықтық негіздері, яғни іргелі қағидаттар ғана жазылуы тиіс. Ал бізде керісінше, болмашы дүниелерді кіргізіп, Конституцияны қайта-қайта өзгерте береміз. “Ар-намыс пен қадір-қасиет” деген ұғымдар тек жекелеген депутаттардың немесе билік өкілдерінің мүддесін қорғауға арналмауы керек. Конституция бүкіл халықты, бүкіл қоғамды қорғауы тиіс. Сондықтан мен мұндай нормаларды Конституцияға енгізуге үзілді-кесілді қарсымын”, - деп түйіндеді ол.
Конституцияға шектеу енгізу сөз еркіндігіне қауіпті - журналист
Журналист әрі ғалым Есенгүл Кәпқызы да аталған ұсыныстарға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Конституция адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын шектемей, керісінше оларды қорғауға бағытталуы тиіс.
“Жалпы, Конституция адамның сөз бостандығына немесе басқа да құқықтарына шектеу қоймағаны абзал. Бұл жердегі “шектеу” деген сөздің өзі дұрыс емес”, – дейді ол.
Кәпқызы Конституцияда сөз бостандығына кепілдік берілгенімен, іс жүзінде оны шектейтін заңдардың онсыз да көп екенін атап өтті.
“Бізде сөз бостандығын шектейтін заңдар жетерлік. Мәселен, қазақ тілінде сөйлеуді талап етемін деген адамды төрт жылға соттап жіберіп отыр. Ал енді сол шектеулерді Конституцияның өзіне енгізсек, онсыз да халық сенімінен айырылған ақпарат құралдары мүлде демала алмай қалатын секілді”, – дейді журналист.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер тек медианың ғана емес, тұтас азаматтық қоғамның пікір білдіру еркіндігіне нұқсан келтіреді. Есенгүл Кәпқызы шенеуніктердің ар-намыс пен іскерлік беделді қорғау сылтауымен журналистерді сотқа жиі бергенін де еске салды.
“Енді оған қоғамның құндылықтар жүйесі деген тіркес қосылмақшы. Қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесі дегеніміз не? Оған қай жерде, қандай анықтама берілген? Адамдар қандай кезде ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келді деп есептейді. Бұған нақты критерий қойылмаған”, – дейді ол.
Журналистің пікірінше, мұндай белгісіз тұжырымдар кез келген билікке ұнамайтын пікірді шектеуге жол ашуы мүмкін. Сондай-ақ халықаралық адам құқықтары стандарттарына да қайшы келеді.
“Заңда мұндай ұғымдар нақты әрі объективті түрде анықталуы керек. Әйтпесе, олар сын мен оппозициялық пікірлерді негізсіз шектеу үшін пайдаланылуы мүмкін”, – деді Кәпқызы.
Сонымен қатар ол бейбіт шерулерге қойылатын шектеулердің де қауіпті екеніне назар аударды.
“Халықаралық тәжірибеде наразылық акциялары көбіне дәл осы “қауіпсіздік” пен “құндылықтар” деген негіздерге қарсы бағытталады. Мұндай шектеулер пропорционалды болмауы мүмкін. Бұл – бейбіт жиналыстар құқығын шектеуге алып келетін өте қауіпті ұсыныс”, – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін
Еске салайық, жақында Конституциялық кеңестің екінші отырысында Қазақстанның жаңа Конституциясында сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстар еркіндігін шектеуге қатысты ұсыныс айтылды.
Конституциялық реформа аясында ұсынылған түзетулерді Мәжіліс депутаты Снежана Имашева таныстырды. Оның айтуынша, Конституцияға қосымша шектеулер енгізу көзделіп отыр.
"Қосымша конституциялық шектеу енгізіледі. Сөз бостандығы өзге адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесіне және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс. Сондай-ақ зорлық-зомбылықты, соғысты және алауыздықты насихаттау мен оған арандатуға тыйым салу тізімі кеңейтіледі. Цензураға тыйым салу дербес конституциялық кепілдік ретінде сақталады", – деді депутат.
Сонымен қатар бейбіт митингілерді ұйымдастырудан бас тартуға негіз болатын себептердің тізімін кеңейту мәселесі де қарастырылып жатыр.
"Азаматтардың бейбіт жиналыстарға құқығы туралы бапқа нақтылаулар ұсынылады. Бұл құқықты заңмен шектеуге болатын негіздер кеңейтіледі. Мақсаттар тізіміне конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесін сақтау енгізіледі", – деді Имашева.
Депутаттың пікірінше, бұл өзгерістер бейбіт жиналыс бостандығын қоғамдық және мемлекеттік мүдделермен теңестіру кезінде құқықтық айқындықты күшейтуге бағытталған.
Сондай-ақ Конституция нормаларын нақтылау арқылы адамның қадір-қасиетімен қатар, оның ар-намысы, яғни жақсы аты мен қоғамдық беделін қорғау да көзделіп отыр.
"Заңмен қорғалады" деген сөздердің қосылуы бұл норманы практикалық деңгейге шығарады. Бұл жай ғана қағида емес, мемлекеттің адамды, оның қадір-қасиеті мен ар-намысын тиімді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тікелей міндеті", – деп түйіндеді депутат.
