Ақшасын сыпырып алып, рухани жағынан күйретеді: депутат тренингтерге қатысты дабыл қақты

Сағыныш Сардарова 28 қаң. 2026 12:07

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы тренингтерге қатысты дабыл қақты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға, Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.

"Жарнамасы жаңғырып тұрған тренингтер азаматтарымызға пайда емес, керісінше рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отыр. Мысал келтірейін. vybor.kz интернет платформасы арқылы өз қызметін белсенді түрде насихаттайтын MINDFULNESS оқу орталығы үш сатылы тренинг ұсынады. Бірінші жалпы курс - 50 000 мың теңге. Екінші трансформациялық курс - 95 000 мың теңге. Үшінші көшбасшылықты дамыту курсы - 150 000 мың теңге. Онлайн форматтағы "эмоционалдық еркіндік" курсының құны 200 000 мың теңгеге жетеді. Осындай "креативті ойлауды", "тиімді коммуникацияны", "шешен сөйлеуді" тегін үйретеміз деп уәде беретін орталықтар да аз емес. Олардың қатарында шетелдік "Вектор", "Лидер-мотиватор" секілді атаумен жұмыс істейтін орталықтар бар", - деді Амантайұлы.

Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, барлығының жұмыс істеу әдісі бір.

"Таңертең қатысушылардың телефондарын жинап алады. Одан кейін психологиялық және моральдық қысымға негізделген "ақыл-кеңестер" арқылы адамның жеке кеңістігіне қол сұғып, санасын біртіндеп улайды. Содан кейін не болады? Әрине, өзінің талап-міндеттерін оңай орындата бастайды. Адамды көпшілік алдында  жеке проблемасын ашық айтуға мәжбүрлейді. Бірі жылайды, бірі айқайлайды, бірі күледі, бірі билейді. Тіпті кейбіріне еденді тілімен жалау, бір-бірінің түкірігін ішкізу сияқты айтуға ауыз бармас сорақы әрекеттер жасатады. Екінші курста жағдай одан әрі ушығады. Қатысушыларға әлеуметтік рөлін өзгерту міндеттеледі: ер адамға әйел киімін киіп, көшеде жүру тапсырылуы мүмкін немесе "бомж" кейпіне өзгеріп, қоқыс маңында тамақ жеу талап етіледі. Осылайша бұл тренингтер адам санасын тәжірибе алаңына айналдырады. Ал курс аяқталған соң қысымның жаңа түрі басталады. Қатысушыға міндетті түрде үш адамды курсқа тарту талабы қойылады. Орындай алмаса тағы да қорқыту, психологиялық қысым, әуелде өзі әшкерелеген қылмыстары мен айыптарын жариялау, жобадан шығарамыз деген сынды үрей туғызады", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove