КҚК биыл қанша мұнай тасымалдайды?

КҚК биыл қанша мұнай тасымалдайды?
Фото: КҚК баспасөз қызметі

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспортталатын мұнай көлемі биыл былтырғы деңгейде сақталуы мүмкін. Бұл туралы NBK мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

"КҚК-К" компаниясы бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдиннің сөзінше, 2026 жылы құбыр арқылы жөнелтілетін мұнай көлемі былтырғы көрсеткіштен сәл төмен болуы ықтимал. Алайда айтарлықтай құлдырау болмайды.

2025 жылы КҚК арқылы рекордтық көлемде - 70 млн тонна мұнай тасымалданды. Соның 64 млн тоннасы Қазақстан мұнайы болды.

Қазір Новороссийск маңындағы теңіз терминалында мұнай тиеуге арналған үш құрылғы да жұмыс істеп тұр. Олардың бірі былтыр дрон шабуылынан кейін істен шыққан еді. Құрылғылардың толық іске қосылуы Қазақстаннан келетін мұнайды еш кедергісіз қабылдап, танкерлерге тиеуге мүмкіндік береді.

Соған қарамастан, биыл КҚК арқылы экспортталған мұнай көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4 пайызға азайған. Бұған дрон шабуылдары мен жыл басында Теңіз кен орнында болған апат әсер еткен.