Көкшетау қаласының тұрғындарына өзін «Көкшетау Су Арнасы» мекемесінің қызметкері ретінде таныстыратын белгісіз адамдардан жаппай күмәнді қоңыраулар түсуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қоңырау шалушылар су есептегіш құралдарына қатысты жүйеде ақау шыққанын айтып, шұғыл тексеру жүргізу қажет екенін хабарлайды.
Олар «электронды кезекке жазу» сылтауымен абоненттерден СМС арқылы келген нөмірді растауды сұрайды. Сенім тудыру үшін «шебердің» атын атап, тіпті оның телефон нөмірін де айтып, ресми тексеру жүргізіліп жатқандай әсер қалдырады.
Полиция, әсіресе егде жастағы азаматтарды, бұл алаяқтардың әрекеті екенін ескертеді. Кәсіпорынның бірде-бір қызметкері телефон арқылы растау кодтарын, құпиясөздерді немесе жеке деректерді сұрамайды.
Егер мұндай қоңырау күдік тудырса әңгімені жалғастырмаңыз. Тұтқаны бірден қойып, «Көкшетау Су Арнасы» мекемесіне ресми байланыс нөмірлері арқылы өзіңіз хабарласқан жөн.
