Жоспардан тыс тексеру туралы хабарлама келсе не істеу керек? Кәсіпкерлерге кеңес

Жоспардан тыс тексеру туралы хабарлама келсе не істеу керек? Кәсіпкерлерге кеңес
magnific.com

Соңғы уақытта кәсіпкерлер аудандық Мемлекеттік кірістер басқармаларынан жиі шақырту ала бастаған. Салық органдары мұны бұрын берілген камералдық бақылау хабарламаларының орындалмауымен байланыстырады. Заңгерлердің айтуынша, осы негізде кейбір кәсіпкерлерге жоспардан тыс салықтық тексеру тағайындау туралы алдын ала шешімдер шығарылып жатыр.

Бұл мәселе жөнінде заңгер әрі салық кеңесшісі Ғабитжан Құдайберген әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, мұндай әрекеттердің заңдылығына күмән келтірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, кей жағдайларда кәсіпкерлерден құжаттарды өте қысқа мерзімде ұсыну талап етіледі. Сарапшы мұндай тәжірибе қолданыстағы рәсімдерге сәйкес келмеуі мүмкін екенін атап өтті.

«Кәсіпкерлерден бір тәулік ішінде көлемді құжаттар пакетін ұсынуды талап ету жағдайлары кездесіп жатыр. Алайда заңнамада ресми салықтық тексеру кезінде құжаттарды тапсыру үшін белгілі бір мерзім қарастырылған», – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, басты мәселе аудандық деңгейдегі мемлекеттік кірістер басқармаларының мұндай тексерулерді тағайындау құзыретіне қатысты болып отыр.

Ғабитжан Құдайбергеннің түсіндіруінше, Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 31 қазандағы №659 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, камералдық бақылау нәтижелері бойынша кейбір тексерулерді тағайындау құқығы облыстық деңгейдегі Мемлекеттік кірістер департаменттерінің құзыретіне жатқызылған.

Осыған байланысты заңгер кәсіпкерлерге мемлекеттік органнан келген құжаттарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда құқықтық кеңес алуға кеңес береді.

Сарапшының айтуынша, егер кәсіпкер мемлекеттік орган әрекеттерін заңсыз деп есептесе, ол өз ұстанымын тыңдау рәсімі барысында білдіруге, сондай-ақ заңнамада көзделген тәртіппен прокуратура органдарына немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Айта кетейік, аталған мәселеге қатысты мемлекеттік кірістер органдары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.