Қазақстанда суға кеткен әр бесінші адам – бала

Самал Асқар 27 қаң. 2026 10:28

Қазақстанда судағы қайғылы оқиғалар жыл сайын қайталанып келеді,деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Соңғы үш жылда елде 688 адам суға батып көз жұмған, оның 151-і балалар. Тек 2025 жылғы шомылу маусымының алғашқы екі айында 62 адам қаза болды, олардың 24-і кәмелетке толмағандар.

Осы статистикадан кейін елде жүзуді жүйелі түрде оқыту мәселесі күн тәртібіне шықты. Qazaq Expert Club сарапшысы Евгений Азарьевтің айтуынша, 2026 жылдан бастап Алматы мен Астанада Swim Nation атты пилоттық жоба іске қосылады. Бағдарламаны Qazaq Aquatics әзірлеген.

Жоба аясында әр қалада 1000 оқушы қамтылады. Әр бала жылына шамамен 33–34 рет жүзу сабағына қатысады, яғни аптасына бір рет. Бір қалаға арналған жобаның болжамды құны 45 млн теңге. Қатысу ерікті, мектеп өзі шешім қабылдайды. Егер нәтиже тиімді болса, бағдарлама бүкіл елге таратылады.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мектепте жүзуді енгізу балалар арасындағы судағы өлімді 20–30% азайта алады. Алайда Қазақстандағы басты кедергі инфрақұрылым болып отыр.

Алматыдағы қолданыстағы бассейндердің жалпы аумағы 17,6 мың шаршы метр ғана. Қажеттілік 39,2 мың шаршы метрден асады. Бұл мегаполистің өзінде бассейндер нормативтен үш есе аз екенін білдіреді. Аймақтарда жағдай одан да күрделі. Көптеген шағын қалаларда бассейн жоқ, ал бар нысандар күрделі жөндеуді қажет етеді. Орта есеппен Қазақстанда 1 млн адамға 25 бассейннен келеді. Бұл Еуропа елдерінен бірнеше есе төмен.

Тағы бір түйін қаржыландыруға тіреледі. Көптеген жас спортшылар жарысқа бару, құрал-жабдық пен оқу-жаттығу жиындарының шығынын өздері көтереді. 2025 жылдан бастап су спортын дамытуға жауапты федерация демеушілерді тарту арқылы бұл жүктемені азайтуды көздеп отыр.

Жүзу Қазақстан үшін тек спорт емес. Бұл балалардың өмірін сақтаудың нақты жолы. Swim Nation жобасы судағы өлімді азайтуға жасалған алғашқы жүйелі қадам болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove