Журналист Михаил Козачков Қарағанды облысы спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы төбелеске байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген тексерудің нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жанжал өткен аптада, 23 қаңтар күні болған. Оқиғадан соң бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев орынбасарымен арадағы келіспеушілік оның заңсыз әрекеттеріне байланысты туындағанын мәлімдеген еді.
Кейінірек Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдіріп, қоғамды асығыс қорытынды жасамауға шақырған. Ол Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменті тексеріс жүргізіп жатқанын айтып, нақты шешімді сол қорытындыдан кейін қабылдау қажет екенін жеткізген болатын.
Алайда журналистке жолданған ресми құжатта жанжалдың барлық мән-жайы толық зерделеніп, оқиғаға Серік Сәпиевтің өзі кінәлі деген қорытынды жасалғаны көрсетілген.
Құжатқа Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің бас мамандары Рысқұлбек пен Теміржанов қол қойған.
Тексеру қорытындысында Қарағанды облысының спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевтің әрекеттерінен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің бірқатар талаптарын бұзу белгілері анықталғаны жазылған.
Атап айтқанда, құжатта оның:
– ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 6-тармағы 5) тармақшасын;
– 8-тармақтың 1) және 7) тармақшаларын бұзғаны көрсетілген.
Тексеру материалында бұл бұзушылықтар:
– азаматтардың көз алдында мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге бару;
– ұжым ішінде іскерлік әрі сыйластыққа негізделген қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етпеу;
– әріптесіне қатысты әдепсіздік пен орынсыз мінез-құлық таныту түрінде көрініс тапқаны атап өтілген.
Осылайша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті жанжалға басқарма басшысы Серік Сәпиевтің жауапты екенін көрсеткен ресми қорытынды шығарған.
Журналист Ақырыс Сейітқазы құжатта Сәпиевті кінәлі етіп шығарғанға, бұл істің артында басшылар тұрған болуы мүмкін екенін айтады.
"Серік Сәпиевке қатысты құжаттарды Козачковқа кім берген? Сәпиевті кінәлі етіп шығарғанына қарағанда, мұның артында да сол облыс басшылары тұрғаны анық. Бұл оқиғадан бір нәрсеге көзім жетті. Қанша жерден Олимпиаданы бағындырсаң да, былыққа батқан жүйені өзгерте алмайсың. Сәпиев кабинетіне басып кіріп, шу шығарғаны үшін жазаланатын шығар. Бірақ бекерден бекер шу шығармағаны тағы анық қой. Барлық жерде өз адамы, бармақ басты, көз қысты... Осыдан соң, спорттан бірдеңе күтеміз...", - деп жазды журналист.
