28 қаңтар күні еліміздің бірнеше аймағында қолайсыз метеожағдай қалыптасады. Синоптиктердің мәліметінше, тұман, көктайғақ, қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын, сондай-ақ қатты жел күтіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлытау облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде тұман түседі. Осындай жағдай Қарағанды облысының батыс, шығыс және оңтүстік аудандарында да болжанып отыр.
Ең нашар ауа райы Түркістан облысында күтіледі. Өңірдің солтүстігі, оңтүстігі, батысы және таулы аймақтарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын жауып, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Шымкентте кей уақытта тұман мен көктайғақ байқалса, Түркістан қаласында күннің екінші жартысында көктайғақ күшейеді.
Қызылорда облысының солтүстігі, шығысы және орталығында тұман мен көктайғақ күтіледі. Бұл жағдай облыс орталығы – Қызылорда қаласында да сақталады.
Маңғыстау облысының батысы мен орталығында жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ болады. Жел шығыс және оңтүстік-шығыстан соғып, күндіз 15–20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Ақтауда жолдардың тайғақ болуы ықтимал. Ал облыстың солтүстік-шығысында түнде ауа температурасы 25–27 градус аязға дейін төмендейді.
Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде жаяу бұрқасын соқса, солтүстігі мен шығысында тұман түседі. Орал қаласында түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, бұрқасын соғады. Солтүстік, оңтүстік және орталық бөліктерінде тұман күшейеді. Өскемен қаласында да түнде және таңертең тұман болады.
Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын соғады. Шығыс және оңтүстік аудандарда тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін.
Мамандар тұрғындарды алыс жолға шыққанда сақ болуға, ал жүргізушілерді жолдың тайғақ болуы мен көрінудің төмендеуін ескеруге шақырады.
