Сарбаздардың қазасы: министрлік шұғыл мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 28 қаң. 2026 12:25

Жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірінші. Тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілді. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылды.

Екінші. Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілуде.

Үшінші. Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Төртінші. Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілді.

Бесінші. Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.

Алтыншы. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста.

Орын алған барлық оқиғалар бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove