Былтыр бар болғаны 16 мыңнан аса этникалық қазаққа қандас мәртебесі берілді

Көркем Алдабергенова 28 қаң. 2026 09:41

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 1991 жылдан бері тарихи отанына оралған этникалық қазақтардың саны 1 миллион 164 мың 800 адамға жеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025 жылы қандас мәртебесін алған азаматтардың басым бөлігі Өзбекстан мен Қытайдан келген. Атап айтқанда, олардың 44,5 пайызы – Өзбекстаннан, 44,1 пайызы – Қытайдан қоныс аударған. Сонымен қатар Түрікменстаннан келгендер – 4%, Моңғолиядан – 3%, Ресейден – 2,5%.

2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, қандастардың 57,4 пайызы еңбекке жарамды жаста болса, 34 пайызы – кәмелетке толмағандар. Ал 8,6 пайызы зейнет жасындағы азаматтар саналады.

Елге көшіп келгендер негізінен жұмыс күші тапшы аймақтарға бағытталған. Олардың қатарында Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Өткен жылы аталған өңірлерге 2 309 адам қоныстандырылып, белгіленген көші-қон квотасы толық орындалды.

Айта кетейік, әр түрлі елдерде, негізінен көршілес мемлекеттерде (Қытай, Өзбекстан, Ресей, Монғолия және басқа елдерде) этникалық қазақтар тұрады.

Ресми көрсеткіштер бойынша шетелде шамамен 3,5 миллионнан астам қазақ тұрады, ал кейбір сарапшылар бұл санды 5–7 миллионға дейінгі аралыққа бағалайды.

Негізгі елдер бойынша этникалық қазақтар саны (болжам бойынша):

Қытай - шамамен 1,6 миллион қазақ

Өзбекстан - шамамен 821 мың қазақ

Ресей - шамамен 591 мың қазақ

Моңғолия - шамамен 121 мың қазақ

Қырғызстан - шамамен 35 мың қазақ

Түркия - шамамен 30 мың қазақ

АҚШ - шамамен 17 мың қазақ

Иран - шамамен 10 мың қазақ

Түрікменстан - шамамен 9 мың қазақ бар. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove