Энергетика министрлігі бензин бағасын қымбаттатпауға уәде берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство басшысының айтуынша, енгізілген мораторий жанармай бағасының өсуін уақытша тоқтатты.
"Егер 31 наурыздан кейін үкімет жанармай құю бекеттерінің қызметіне қайтадан араласпау туралы шешім қабылдап, нарықтық тетік толық іске қосылса, онда баға қалыптасуын ішкі сұраныс пен ішкі ұсыныс айқындайтын болады", - деп нақтылады Ерлан Ақкенженов.
Ол министрлік жанармай бағасының күрт қымбаттауына жол бермейтінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін энергетика министрлігі елімізде жанар-жағармай бағасын көтеруге қатысты тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, Қазақстанда мұнай өнімдеріне қатысты бағаны өсіруге салынған мораторий әлі күшінде.
Министрлік АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы 2025 жылдың 16 қазанындағы деңгейде сақталып отырғанын атап өтті. Цифрлық карталарда немесе түрлі сервистерде көрсетілген деректер ресми бағаға негіз бола алмайды.
