Энергетика министрлігі елімізде жанар-жағармай бағасын көтеруге қатысты тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, Қазақстанда мұнай өнімдеріне қатысты бағаны өсіруге салынған мораторий әлі күшінде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрлік АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы 2025 жылдың 16 қазанындағы деңгейде сақталып отырғанын атап өтті. Цифрлық карталарда немесе түрлі сервистерде көрсетілген деректер ресми бағаға негіз бола алмайды.
"Егер белгілі бір жанармай құю бекеттерінде белгіленген шектен жоғары баға тіркелсе, жауапты органдар әр жағдайды жеке тексеретін болады", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство жанар-жағармай нарығындағы жағдай үнемі бақылауда екенін жеткізді.
Мәлімдемеге сәйкес, бағаның негізсіз өсуіне жол берген субъектілерге қатысты тиісті шаралар қабылданады.
Министрлік мәліметінше, жанар-жағармай бағасын көтеруге тыйым салатын мораторий 2026 жылдың наурызының соңына дейін жарамды.
