"Теңіз" бір аптада толық іске қосылады, бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Теңіз кен орнында мұнай өндіру кезең-кезеңімен қалпына келтіріліп жатыр. Бұған дейін кен орнындағы 30 трансформатордың үшеуі істен шығып, өндіріс тоқтаған болатын.
«Теңізді екі күн бұрын іске қостық. Қазір өндіріс біртіндеп көтеріліп келеді. Бұл – күрделі технологиялық процесс. Үш трансформатор жанып кеткен еді, олар аса маңызды жабдық. Қазір олардың бір бөлігінің жұмысы қалпына келтірілді. Алғашқы газ шықты. Бір апта ішінде бүкіл Теңіз толық іске қосылады», – деді Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында.
Залал көлеміне қатысты нақты дерек жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң белгілі болады. Алайда министр бұл жағдайды тікелей шығын ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті.
«Chevron және Tengizchevroil басшылығымен келіссөз жүргіздік. Олар жоғалған көлемді кейін толық өтеуге уәде берді. Сондықтан жылдық көрсеткіш бойынша республика ештеңе жоғалтпайды деп күтіп отырмыз», – деді ол.
Еске салайық, 18 қаңтарда Теңіз кен орнында өрт шығып, өндіріс уақытша тоқтаған еді. 26 қаңтарда мұнай өндіру қайта жанданды.
