Шығыстағы туризм: алты ай қыстың да пайдасы бар

Dalanews 09 ақп. 2022 09:28 1259

 Cоңғы жылдары Шығысқа ат басын бұратын туристердің қарасы көбейіп келеді. Өлкенің табиғаты талайға таңсық.

Швейцариядан соқпайтын көрікті жерлері жетіп артылатын Шығыс Қазақстан барды ұқсатып отыр ма осы? Баға саясаты, қызмет көрсету сапасы қай деңгейде? Туризмді дамытуда алысты болжаған стратегиясы бар ма? Дәл осы салаға инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлерге нендей жеңілдік қарастырылған?

ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов Dalanews.kz ақпарат агенттігінің сауалына егжей-тегжейлі жауап берді.

...

Өңірдің табиғи жағдайы саяхатшыларға жыл он екі ай демалуға мүмкіндік береді.

Қазір аймақтағы демалыс орындары қыс кезінде 50 мың адамға дейін қабылдай алады.
Алтайдың бөктерінде шаңғы тебуге арналған 10-ға жуық орын бар екен.

Ал демалушыларға қыста да қызмет көрсететін базалардың жалпы саны 50-ден астам. Олар бір мезетте 3 мың адамды қабылдай алады.



«Қысқы туризмнің болашағы бар. ШҚО-да Қазақстан бойынша қыс маусымы шамамен 6 айға созылады. Содан болар демалушылардың да бір бүйрегі осы біздің өңірге бұрып тұратыны.  Қазіргі уақытта  тау шаңғысы туризмі өте жоғары деңгейде дамыған, алайда одан әрі даму перспективалары зор. Шаңғымен сырғанауды және сноубордты ұнататындар үшін тәжірибелі шаңғышылар мен сноубордшылар үшін де, әуесқойлар үшін де әртүрлі қиындықтағы тау шаңғысы базалары бар.

Бұл базалар тек Өскемен маңында ғана емес, Риддер қаласында да орналасқан. Айта кету керек, соңғы жылдары қысқы демалыс облыстың басқа аудандарында да белсенді дамып келеді.


Сонымен қатар Зайсан ауданында "Айка" шаруа қожалығы аңшылық турларды ұйымдастырумен жыл бойы қызмет көрсетеді. Алыс-жақын шет елдерден қонақ үзілмейді.



Табиғаты әсем Катонқарағай ауданында 2021 жылы "Qaton Qaragai Resort" пантымен емдеу орны ашылды, оның ерекшелігі қысқы маусымда сауықтыру қызметтерін көрсетеді.

Атап айтсақ пантымен емдеу, массаж және сақ моншасы тағы бар.  Сондай-ақ, база аумағында шаңғы және атпен серуендеу, садақ атуға да болады. Және туристерге ұлттық салт-дәстүрімізді паш ету мақсатында Ұлан ауданы Бозанбай ауылында қонақтарды киіз үйде қабылдап, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынады.



Өткен жылдың желтоқсан айында  "Қансонар-2021" облыстық бүркітшілер сайысы өтіп, саятшылықты дамыту қолға алынуда. Жалпы қысқы демалыс түрлері туралы толық ақпарат visiteast.kz. сайтында орналасқан, сондай - ақ сайтта сіз қысқы маусымда орналастыру орындары мен ұсынылатын қызметтер туралы толығырақ біле аласыз», – дейді Марат мырза.

...

Сондай әсем жердің бірі Сібе көлдері. Жазда жағасы жағажай болса, қыс мезгілінде мұздың қалыңдығы 50 см дейін жеткендіктен жыл сайын конькимен сырғанайтындардың қатары көбейіп келеді.

[video width="1080" height="1350" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2022/02/sibinskie-ozera-bagzhankseniia.mp4"][/video]

2021 жылдың басында ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйтқы болуымен  мәнерлеп сырғанаушы Ксения Панкратова мен танымал виолончельші Бағжан Октябрьдің қатысуымен Шалқар көлінде түсірілім ұйымдастырылып, ШҚО аумағында ғана емес, ел көлемінде аталған мекенге  ерекше қызығушылық тудырды.

Берел деген ауыл бар


Бұл өзі Ресей, Моңғолия мен Қытай мемлекеттері шекараларының түйіскен жері. Тауы бар,  сылдырлап аққан өзені, жайқалған қарағай бар, өмір сүруге қолайлы өлкеде Сақтар мекен етіп,  шартарапқа билігін жүргізген. Берел төрткүл дүниеге "Патшалар жазығы"  деген  атпен мәлім.



Катонқарағайға келетін туристер,  тарихи ескерткішке соқпай кетпейді.

Бүгінде сақ бабаларымыз жерленген мекенді және обалардан табылған жәдігерлерді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне көруге келетін жұрттың қатары қалың.

Бір әттеген-айы, Берел қорғандарынан табылған археологиялық ескерткіштерді  ұялы телефоныңа түсіргеніңмен, қас-қағым сәтте әлеуметтік желіге сала жариялай алмайсың. Себебі интернет ұстамайды...

Марат Қабақов мұндай кемшіліктің барын мойындап отыр.

"Аталған объектінің шалғай  және ерекше қорғалатын табиғи аймақта орналасқанына байланысты интернеттің таралуында қиындықтар бар" дейді басшы орынбасары.



Бірақ бас шұлғып,  қарап отыра бермей әрекет етуде.

"Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Теле-2 мобильді операторы ағымдағы жылдың көктемінде Берел ауылында арнайы станция орнататын болады.

Аталған жұмыс Цифрлық даму министрлігі мен мобильді операторлар арасындағы ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асырылады"  деп жеткізді. «Шенеуніктің сөзіне емес,  ісіне сенейік» дедік біз. Тағы бір мәселе...

Мұражайдың есігі не жабық? 


Өткенде күн жарықта Берелдегі музейдің жабық тұрғанына куә болған едік. Музейдің жұмыс уақытына байланысты сұрақты Марат мырзаға тікелей қойдық.

«Берел мұражай қорығы жыл көлемінде жұмыс жасайды, алайда күз мезгілінің аяғы, қыс, көктемнің басы ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, мұражай қызметкерлері жұмыс орындарында тұрақты болмайды. Осыған байланысты мұражай әкімшілігі келуді жоспарлап отырған туристерден алдын-ала хабардар етуді сұрайды"  деп жауап берді ол.

Айтпақшы Берел ауылы туризм тұрғысынан қарағанда тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бір жағында "Патшалар жазығы", бір жол  "Рахман қайнары" шипажайына апарады. Содан болар демалушылар ауылда аялдап қалғанды дұрыс санайды.

Бұл жерде 5 жұлдызды қонақ үй жоқ. Есесіне туристерді қарсы алатын жергілікті халықтың үйі әркез дайын. RIXOS  болмаса да,  жаз бойы Берел ауылында қонақ үзілмейді. Келген меймандарды құшақ жая қарсы алып, ауылдың тыныс-тірлішілігімен таныстырып, үйлерін жалға беріп, нәпақа тауып,  кәсіп қылуда.

Ауылда мектеп,  әкімшілік,  амбулаториядан басқа  Ірі зауыт,  фабрикалар болмағасын, "екі сиырға қарап қалмай", мүмкіндікті пайдаланып туристерге қызмет көрсетіп келеді.


"Бұл аймақта ірі қонақ үйлерді салу жоспарланбаған", – дейді Марат мырза. Себебі, "мұнда экологиялық туризмді дамыту көзделген. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегімен былтыр 24 берелдік тұрғын "Бизнес Бастау" бағдарламасының негізін оқып, олардың 20-ы жеке кәсіп ашқан, 15-і  "Еңбек" бағдарламасы бойынша 583 мың теңгеден грант алған.

Бұдан басқа, өңірлік Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының бастамасымен "Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы" қоғамдық қоры 500 мың теңге көлемінде 18 тұрғынға грантын берді.

Туристерді қабылдау ағымдағы жылдың маусым айынан бастап жүзеге асады. Өз кезегінде туристер ауыл өміріне еніп, бала кездері еске түсіп, даладағы пешке пісірілген таба наннан ауыз тиіп,  құдықтан таза су ішіп, құрт, май, кілегей,  қатықтың дәмін татып,  атқа мініп, саф ауамен тыныстап қайтады", – деп ағынан жарылды.

Шет елдіктерді қойғанда, ауылдан жырақтап кеткен өзіміз де қазақтың қонақжайлығын жан дүниемізбен сезініп,  Берелден  ерекше әсермен қайтарымызға сенімдіміз.

 Alakol? Made in East Kazakhstan


Алакөл cөзсіз Шығыстың бренді. Бір жылда 150 мың турист келіп, суы ем,  ауасы таза өңірден ерекше әсер алып қайтады.



Алайда Алакөлге апарар жолдың машақаты көп. Әсіресе, Алматыдан келетін жолаушылар қиындық көріп келеді. Туризмнің дамуы тас жолдың сапасына байланысты емес пе?

 Республикалық маңызы бар жолдардың бірі болғандықтан,  Қазавтожол ұлттық компаниясының ақпаратына сай  жөндеу жұмыстары 2022 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. 


Тас жолдан бөлек туристер Өскемен мен Семейден Жалаңашкөл стансасына пойызбен  қатынай алады. Бұдан бөлек аудан орталығына Астана, Алматы, Өскемен мен Семей қалаларынан әуе рейстері ашылған. Демек, Алакөлге ниет болса,  ұшақпен де,  пойызбен де келуге болады.

Катонқарағайға жаңашылдық кеш жете ме?


Алакөлге келетін туристердің көптігіне байланысты  ТOURIST INFO атты ақпараттық орталық ашылып, мұнда  бір терезе қағидаты бойынша туристерге демалыс үйлері туралы тегін ақпарат алуға болады.

Алайда осындай игілікті Катонқарағайға келетін туристер көре алмауда. Марат мырза мұның себебін былай түсіндірді:

"Аталған жобаның негіздемесі мен үлгілік жобасы әзірленген, бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда құрылыс ағымдағы жылы басталады.

Орталық Үлкен Нарын ауылындағы бұрынғы автобекет ғимаратында орналаспақ. Орталықтың жалпы ауданы 355 шаршы метр, жоба құны 309 миллион теңге".

 Ақпараттық орталық ашылса, туристер Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Батыс Алтай қорығы, Алакөл қорығы, Марқакөл қорығы, Күршім өзенінің бассейні, Белуха тауы, Укок үстірті, Бұқтырма су қоймасы жайлы ақпарат кең-мол ақпарат алар еді.


Десе де, бұған балама боларлық басқа да жобалар қолға алыныпты.

Мәселен,   visiteast.kz сайт арқылы  73 туристік маршрут және 800 объект, оның ішінде  тұрғылықты және тамақтану орындары туралы ақпарат орналастырылған.

Аталған порталда Шығыс Қазақстан облысы бойынша 360 виртуалды тур әзірленіпті. Жыл сайын өңір бойынша жолсілтемелер әзірленіп, шығарылып, насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді екен.



Былтыр облыс көлемінде 50-ге жуық туристік жоба жүзеге асырылған, бұған  25,7 млрд теңге инвестиция тартылған. 2021 жылдың қорытындысында  туризм саласында 20 жобаға жалпы сомасы 193 миллион теңге несие берілген.

Гидтердің білімі қандай? 


Туризм саласына білікті гидтер мен экскурсия жетекшілері ауадай қажет. Жоғары білімді, өңірдің өткенін жетік білетін  кәсіби мамандарды даярлау ісі кенже қалып қалғандай. Ақпаратты бұрмалап, алдындағы адамды шатастыратын гидсымақтарды да көріп жүрміз.

Алайда Марат мырзаның өз уәжі бар екен.

"Бүгінде Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы аясында Kazakhstan.travel guides сандық платформасы құрылды.

Ресми тіркелген 50 гид, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының шығысқазақстандық 4 маманы жұмыс істейді.


Бұл гидтер оқытудан өткен, өз құзыреттерін растаған және жеткілікті базасы бар. Туроператорлар мен пайдаланушылар ресми гидтерді QR кодын сканерлеу арқылы тексере алады", –  дейді Марат Қабақов.

Туристік агенттіктерден бөлек жеке авторлық турларды ұйымдастырып  жүрген азаматтар да бар. Нарықтағы бағадан төмен болғандықтан,  саяхаттап келушілер олардың көмегіне жиі жүгінеді. Әзірге үкіметтен қолдау болмаса да, кәсібін дөңгелетіп келеді. Жағымды жаңалық: осы жылдан бастап оларға көмек көрсетілмек.

"Туризммен айналысатын кәсіпкерлерге (авторлық турлар) сыйымдылығы 8 орыннан асатын жеңіл көлік сатып алу үшін қаржылай көмек көрсетіледі" дейді Марат мырза.

6 млн теңгенің дәретханасы 


Шығыс Қазақстандағы 6 миллион теңгеге салынған дәретханалардың игілігін көрген ел аз.

Қымбат әжетханалар Катонқарағай ауданында. Бірі аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасқан. Енді бірі Берел қорғанының маңында. Барлығы 5 дәретхана. Әрқайсысының құны алты миллион теңгеге жуықтайды. Іші жылы, суы да бар. Бірақ есігі жабық. Тұтқасы сынық...

Қоғамдық дәретхана неге жұмыс істемейтіні жайлы  Марат мырзаның өз аузынан естідік.

"2020 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының аясында облыстың туристік нысандарында 23 қоғамдық дәретхана орнатылды. Аталған дәретханалардың құрылысы бюджет есебінен қаржыланғанына байланысты олар жергілікті әкімдіктердің иелігінде (балансында), яғни оларға материалдық жауапкершілік жүктелген!

Жаз мезгілінде жергілікті ауылдық округінің әкімі осы дәретханаға жауапты болып бекітіледі және осыдан туындайтын іс-шараларды жүзеге асырады (тазалық сақтау және т.б.). Осыған байланысты, туристік маусымнан басқа уақытта дәретханалар жұмыс жасамайды.

Қазіргі таңда дәретханалардың жыл бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін  оларды кәсіпкерлерге жалға беруді жоспарлап отырмыз" дейді.

Ол бұдан бөлек ай сайын әжетханаға бөлінетін қаржыға да тоқталып өтті. "Туризмді ынталандыру шараларының бірі – дәретханаларды ұстауға жұмсалатын шығындарды субсидиялау (айына 83 300 теңге) жүзеге асырылатын болады", – деп түйіндеді.


Жидебайдан қонақ үзілмейді 


Шығыс жан рахатын тауып, рухани азық жинап қайтатын мекендерге кенде емес. Хакім Абай, данышпан Шәкәрім, заңғар жазушы Мұхтар дүниеге келген мекенге, Жидебайдағы ақынның соңғы он жыл өмірін өткізген үйі мен қазақтың қос алыбы – Абай мен Шәкәрімнің кесенесін көріп, зиярат етуге шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен меймандар толассыз ағылады. Аталған тарихи-мәдени кешен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі картасына енгізілген болатын.

Жидебай қорық-мұражайы қонақтарды қабылдауға әркез дайын. Марат Қабақовтың айтуынша, былтыр облыс көлемінде 50-ге жуық туристік жоба жүзеге асырылған, бұған  25,7 млрд теңге инвестиция тартылған.

«Жобалардың көбі кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау, яғни «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Ақ Ниет» өңірлік бағдарламалары арқылы іске асырылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бойынша туризм саласында жалпы сомасы 193 млн.теңгеге 20 жоба несиелендірді» дейді.


Шырайлы Шығыстағы туризмді дамытуға алдағы уақытта да ерекше көңіл бөліне бермек.

Қуаныш Рахметоллаұлы


 

 

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар