XIX ғасыр қазақ руханиятына таң шапағы түскен кезең. Бұл дәуір ұлттық санаға серпіліс берген уақыт еді. Оған саяси билік әсер етпеді, қозғаушы күш –тіл, көркем әдебиет болатын. Заманының заңғарлары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы шет ел шығармаларын көркем аудармаға сүйене отырып, қыр балаларының сауатын ашуға, ой биігінің қырқасына шығуына ықпал етті.
Бабалар ізін жалғастырушы жігерлі жастар да бар. Ол XXI ғасырда үзеңгілестерінен оқ бойы озып, көркем аударманың арнасын кеңейтуге өзіндік үлесін қосып келеді.
Қазақстанның Шығыс бөлігі, Үржар ауданы, Таскескен ауылында 1997 жылы дүние есігін ашқан Серікжан Қажытаевтың да таңдауы оқу-ағарту саласына түскен.
Әлем әдебиетінің бір тамшысымен болса да біздің қоғам сусындасын деген ойды басшылыққа алған өреннің сөз маржанын теріп, тәржімамен әуестенуіне алтын ұясындағы әке тәрбиесі сеп болған. «А» деп аузын ашқанында «кітапқа деген қызығушылығымды ата-анам оятты, олар бағыт берді»,- деп сөздің басын қос тұмары турасында айтып бастады. Мұнысынан алып та, батыр да, ғалым да, дана да анадан туылып, әкенің қанжардай өткір көзқарасының нысанасында буыны бекитінін тағы да аңғардық.
Қарапайым шаруа адамдарының отбасында дүниеге келген ауыл баласының әдебиетке деген құштарлығы кіші кезінен қалыптасқан. Төл тарихын, салт-дәстүрін, ұлт болмысын зерделеген жастың ендігі мақсаты аударма арқылы әлем халықтары оқып жатқан туындыны қазақ тілді оқырманға жеткізу.
Негізгі мамандығы «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі. Әзілхан Нұршайықов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Шәкен Аймановтар оқыған оқу ордасы, Мұхтар Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінде білім алған.
Білімгер шақта да, топ жарып жүрген алтын тұяқ, арда азамат студенттер арасындағы халықаралық Есенин оқулары, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшайрасында бас жүлдеге қол жеткізсе, Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшайрасының ІІІ орын иегері, Тұманбай Молдағалиев атындағы республикалық ақындар мүшайрасының арнайы жүлдегері атанған.
2016-2017 жылдар бозбаланың тағдырын түбегейлі өзгертті. «Жүзік» атты шығарма иненің көзінен өтетіндей жұп-жұмыр туындының жазылуына түрткі болды. Әйгілі Стивен Кингтің бұл жазбасы, Серікжанның жансерігіне айналған аудармаға келуіндегі алғашқы басқалдағы болды.
«Стивен Кингтің «Жүзік» деген шығармасын аудардым. Оны достарыма оқуға бердім. Олардың пікірінше, сәтті аударма болып шықты. Одан кейін, осы үрдісті жалғастыру керек деген ой пайда болды. Сөйтіп, шағын әңгімелер, сұхбаттарды аудара бастадым»,-дейді Серікжан Қажытаев.
Көбіне орыс тілінен аударатын жас жігіт, тәржімалаған кезде сөздіктің көмегіне жүгінетінінде жасырмады. Ауыспалы мағынадағы сөздерді қарайды екен. Қазіргі таңда өзін жетілдіру мақсатында ағылшын тілінен дәрістер алып жүрген өрен, Дэниел Киздің әлемдік бестселлерге айналған «Элджернонға арналған гүлдер» шығармасын қазақи менталитетке негіздеп, оқырмандармен қауыштыруға әзірлеп жатыр.
«Шығарма аударар кезде жүрегіме жақын, көңіліме жататын туындыны таңдаймын. Іске кіріспес бұрын, автор жайлы зерттеймін. Ол кім? бұны қалай жазды? шығарманы жазғанда қандай қиындықтарға тап болды? Оқиға орнында нендей ерекшеліктер бар екендігіне үңілемін. Халқының менталитетін зерттеймін. Мысалы, Балтық жағалауы елдері туралы жазсам тұрғындарының мінез-құлқы жайында ізденем, кеңес кезінде қандай адамдар тұрды деген сұрақтарға өзіндік жауап іздеймін. Оның барлығын жазып, жұмыс үстеліме іліп қоямын. Аударма кезінде маған көмек болады. Бір туынды жарты жыл аударылуы мүмкін, бәлкім 1 айда аяқтауым ықтимал. Оның қиындығы басқа ұлт өкілінің мінезін беру, қазақ менталитетіне кіріктіруде.»,-деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Серікжанның ең ұзақ уақыт аударған жұмысы Туве Янссонның «Муми-тролль және барлығы» повесі. 136 беттік туындыға екі жылға жуық уақытын сарп еткен. Өзінің айтуынша, балалар психологиясы ең қиын дүние. Кішкентайлардың ой-өрісіне Скандинавия елінің жазушысының ойын алып келіп жеткізу, қазақтың баласының тілінде сөйлету ауыртпалық тудырған.
Бүгінде 1 жыл 9 ай бойы бір шығарма аясында тер төккен жігіттің еңбегінің нәтижесі көрініс таппақ. Дәл осы « Муми-тролль» әлем балаларының ертегілері деген тақырыппен баспаға дайындалып жатыр. Авторлық құқықты алғаннан соң, өз қаражаты есебінен алғашқы аударма жинағы жарық көрмек. Тұңғыш рет аудармасы кітап түрінде жарық көргелі жатқандығымен, Серкіжанның қоржынында қазақ тіліне аударылған 8 жазба бар. Білімдар таланттың талайына жазылып, тас маңдайдың артындағы тамаша ойдан ақ қағаздың бетіне түскен шет елдік шығармаларды оқырман қауым, әдебиет порталдары мен автордың әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан оқи алады.
Қаламның ұшынан, ішкі жанның тебіренісінен шығатын туындыны өз қиялыңнан жазу бөлек. Ал, өзгенің көзқарасын, жан дүниесіндегі сезімді өзіңнен өткізіп, басқаға сездіру екі есе ауыр. Бұл аудармашының төзімділігін, психологиялық тұрғыда қайраттылығын талап етері ақиқат. Таза жүректен ғана әдемі сөз шығатынын ескерсек, аудармаға келу үшінде үлкен жүрек қажет. Серікжан Қажытаевтың бойынан арындылық пен жастық жалын қатар ұштасып, кешегі Абай салып кеткен тарландардың танымдық жолында жүру деген екінің бірі, егіздің сыңарына берілмейтін бақ аяғына тұрақтады.
Темірдің салмағы, сөзден ауыр емес. Кез келген жан беліне байлай бермейтін «Тіл құдіреті» атты шоқпарды көтерген кейіпкеріміз өзгеден биік болуды көздемеген. Оның «сөздік қорым толысқан өте білімді адаммын деп айта алмаймын»,-деген осы бір ауыз сөзінен ұлылық-қарапайымдылықта екенін аңғару қиын емес.
Ол барлығы тәжірибемен келетін алға тартуда. «Кітап аудару кезінде, туындымен жақсылап танысып шығамын, қазақ тіліндегі соған ұқсас шығармаларды оқимын. Аудармаға үлкен дайындықпен келемін»,- деп, өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтындығын байқатуда.
«Аудармамен айналысу тек маған ғана тиетін пайда емес. Менің ойымша, біздің елге пайдалы дүние. Бүгінде қазақ тілді оқырман саны азайып барады. Көзі ашық, көкірегі ояу адамның барлығына мәлім жайт. Кітап нарығын шетел шығармалары басып кетті. Біз әлеуметтік желіде сәуір-мамыр айларында сауалнама жүргіздік. 290 адам қатысып, оның 70 пайызы қазақстандық жазушылардың қандай шығармалары бар екенін білмейтіндігі анықталды. Осы тұста оқырмандар тілдік қолданыс аясын тарылтқаны байқалады. Әлем балалары оқып жатқан дүниені, қазақ тілді орта оқуға тиіс және лайықты. Ал оларға шығарманы аударып беру біздің міндетіміз»,-дейді Серікжан Қажытаев.
Жас аудармашы, туындының мазмұнында адамдар арасындағы қарым-қатынас, қадір-қасиет, отбасылық құндылықтарға аса мән береді. Оның бір дәлелі, таңдауы түскен «Муми-тролль» шығармасында отбасы құндылықтары турасында жиі айтылуы. Серікжанның пікірінше, интернет заманында бала санасына отбасының маңызы турасында мағлұмат сіңіру тұрарлық нәрсе болып отыр.
Шығыстың тумасы, шығарма аударған кезде өмірлік сабақ алатын, санаңды сеңгір көкке апарып, тұмшаланған ойдың орамдарынан шығарып, я болмаса, бар мен жоқтың, қымбат пен арзанның ара жігін ажыратын беретін жағдайлар туындайтынын да ашып айтты.
Ол Стивен Кингтің «Жүзік» туындысын аударар кездегі үзіндісін оқи отырып, өмірдегі басты құндылығын айшықтап алған.
Стивен Кинг отбасын құрған кезде неке жүзігін сатып алады. Күндердің күні оны жоғалтады. Ол кезде жалаңаяқ студент едім, қазір мен әлемдегі ең танымал жазушымын жағдайым бар. Бірақ, адам өмірінде баға жетпес асылы болады. Мен үшін ол –жүзік. Егер оны тауып алып, менен кез келген нәрсені сұраса барымды беремін деп жазған туынды да. Осы бір сөйлем Серікжанның өміріндегі баға жетпес асылын анықтауға себепші болған.
Бүгінде ол: «Стивен Кинг үшін жүзік қымбат болмаса, менің асылым-ӘДЕБИЕТ»,-дейді.
Еңбекқор жігіт, алла қуат берсе, өмірімнің соңына дейін аудармамен айналысамын деген ойда. «Осы бағыттағы жұмысымды жалғастыруға білім, еңбек, талап керек. Қалғанын еңсеру оңай»,- деуде.
Серікжан, өз мақсатынан, ойынан бір сәтте бас тартатын адамдарды кешіре алмаймын дейді. Сүйіспеншілік, құлшыныс, талап және еңбекқорлық деген қасиеттер адам баласын шыңға шығарады деп көкейіне түйген.
Дана халқымыз, «жасында байқары көптің, есейгенде айтары көп» деседі. Бұл аталы сөз Серікжанға қаратылып айтылғандай. Өзінің 24 жасында жалын атып, әлем халықтарының әдебиетін, ұлттық болмыстың қалпына салып, елеуінен өткізіп, күбісінде пісіріп жүрген жігерлі жастың келешегі кемел боларына ешкім шүбә келтірмейді. Қазақ балаларының сауаттылығымен қыр асуына тілекші болған ұланның, Ұлар шыңның ұшына есімін қашап қалдырары анық. Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтқанда, бүгінгі кейіпкеріміз «қараңғылықтың көгіне күн боп шығар» бір сәуле.