Табынға оқ атылды: Қарағанды облысында болған жайт

Асель Қайратқызы 16 қаз. 2025 10:44

Полицияның мәліметінше, жылқы табынын атып тастаған Нұра ауданының фермері үй қамауына алынды, деп хабарлайды  Dalanews.kz

Оқиға қыркүйек айының соңында Заречное ауылы маңында болған. Тергеу мәліметінше, 53 жастағы ер адам өз алқабына кіріп кеткен жылқыларға оқ атқан. Оқиға орнынан оқ жарақатын алған 17 жылқы табылып, соның 14-і қаза тапқан.

«Полиция қызметкерлері Нұра ауданының 53 жастағы тұрғынын анықтап, бөлімшеге жеткізді. Сот оның бұлтартпау шарасы ретінде үй қамауына алды. Оқиғаға қатысты қару, оқ- дәрі және автокөлік тәркіленді»,- деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қылмыстық іс «Бөтеннің мүлкін қасақана жою» бабы бойынша тергеліп жатыр. Сонымен қатар, тағы бір сотқа дейінгі тергеу басталды- бұл жолы жылқылардың иесіне қатысты. Ол оқ атқан адамға өліммен қорқытты деген болжам бар.

Тергеушілер жануарлардың қырылуына алып келген жанжалдың барлық мән- жайын анықтауды жалғастырып жатыр. Еске сала кетейік, өткен аптада әлеуметтік желілерде Нұра ауданында жылқылардың атылғаны туралы ақпарат тарады. Куәгерлердің айтуынша, жануарларға оқ атқан- жергілікті фермерлердің бірі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар