Ақтөбеде бес бала өз отбасында болған жағдайға байланысты президент пен қазақстандықтардан көмек сұрап, видеоүндеу жариялады. Қазіргі таңда олар Ақтөбе қаласындағы "Аяла" балалар орталығында уақытша орналасқан. Балалардың айтуынша, анасы бір күннің ішінде мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханаға жатқызылып, ал өздері орталыққа жіберілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Stan.kz жариялаған видеода балалардың бірі отбасының басындағы жағдайды түсіндіреді. Оның сөзінше, олар осы уақытқа дейін нағашы әжесінің қолында тұрған. Алайда үйге байланысты туыстар арасында дау туындағаннан кейін, анасына қысым көрсетіліп, үй үлесінен бас тарту туралы өтініш жазуға мәжбүрленген. Осы оқиғадан соң анасы ауруханаға жатқызылып, балалар "Аяла" орталығына жеткізілген.
Балалардың айтуынша, олардың анасы ешқандай психикалық дертке шалдықпаған. Олар өздерінің ешқандай қамқоршысы жоқ екенін айтып, мемлекет пен халықтан көмек сұрады.
"Анамыз ауру емес. Оған бәрі жала жауып отыр. Бір күннің ішінде отбасымызды бөліп тастады. Бізге қорған болар ер адам жоқ. Әкеміз ішімдікке салынып кеткен. Анамыз осы күнге дейін бізді жалғыз өзі бағып келген. Ал қазір біз балалар үйіне өтіп кетеміз бе деп қатты қорқып отырмыз", – дейді қыз видеоүндеуде.
Қазіргі таңда бұл жағдай қоғам назарын аударып отыр. Әзірге Ақтөбе облысының білім басқармасы мен полиция департаменті тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.