Қорғас пен Достық өткізу бекеттерінде жүк көліктері тұрып қалды

Кқркем Алдабергенова 16 қаз. 2025 11:09

Ресей шекарасында Қытайдан келген жүздеген миллион долларлық жүгі бар шамамен 7 мың жүк көлігі тұрып қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Forbes басылымының нарық қатысушыларына сілтеме жасап хабарлауынша, Қытайдан шыққан 77 мың тонна тауар тиелген шамамен 7 мың жүк көлігі бір айдан бері Ресей шекарасынан өте алмай тұр. Жүктер Қазақстан мен Қырғызстан арқылы тасымалданған, алайда «көлеңкелі» карго жеткізілімдеріне бақылаудың күшеюі олардың өтуіне кедергі келтірген.

CHINA NATIONAL CARGO ltd. логистикалық компаниясының бас директоры Алексей Гончаровтың айтуынша, тасымалдаушылар шамамен 154 миллион доллар табыстан қағылған. Ал ресейлік клиенттер негізінен маркетплейс сатушылары мен ұсақ саудагерлер тауарсыз қалған. Соның салдарынан қоймалар мен базарларда бос орын көбейген.

Карго-жеткізу жүйесі түрлі жеткізушілердің ұсақ тауар партияларын бір декларацияға біріктіруді көздейді. Бұл тәсіл ресми импортқа қарағанда арзанырақ, себебі толық кедендік құжаттама талап етілмейді және кей жағдайда баж салығы мен ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді. 2022 жылы параллель импорт енгізілгеннен кейін бұл «көлеңкелі» жеткізу әдісі кең тараған.

Forbes мәліметінше, шекарада тұрған жүктің басым бөлігі жеңілдетілген рәсім арқылы рәсімделген, көбіне тоқыма немесе шикізат түріндегі жиынтық партиялар ретінде. Дәл осы арналар арқылы Ресейге киім-кешек, электроника, тұрмыстық заттар және кейде ресми әкелуге тыйым салынған тауарлар, мысалы, әскери мақсаттағы бұйымдар, дрондар мен қауіпті химиялық заттар жеткізілген.

Сарапшылар пікірі

Forbes сөйлескен сарапшылардың пікірінше, мұндай кідірістер сауданы «тазарту» саясатының ұзақмерзімді бағытымен байланысты. Қазақстан Қытаймен шекарада, әсіресе Қорғас пен Достық өткізу пункттерінде тексеруді күшейтті, себебі дәл осы жерлерде жүк көліктері ең көп жиналған.

Сонымен қатар, 1 қазаннан бастап Қытайда экспорттық құжаттарда нақты өндірушіні және жеткізілім көлемін көрсету талабы күшіне енді. Бұл қолма-қол төлем арқылы жасалатын келісімдерді іс жүзінде мүмкін емес етті.

Жаңа ережелерге байланысты карго-жеткізу құны 20–30%-ға өсіп, ресми импорт бағасына жуықтайды деп жазады Forbes. Сарапшылардың бағалауынша, кейбір компаниялар заңды импорт схемаларына көшеді, алайда Қытай, Қазақстан және Ресей арасындағы автокөлік дәлізіндегі «көлеңкелі» жеткізулерден толық бас тарту әзірге қиын болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар