Әлеуметтік желіде Шешен Республикасы басшысы Рамзан Қадыровтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәліметтерге сүйенсек, желтоқсан айының соңында оның жағдайы ауырлап, Мәскеудегі Президент іс басқармасы орталық клиникалық ауруханасына жеткізілген.
“Новая газета Европа” басылым дерегіне сәйкес, Қадыров 25 желтоқсанда өтетін Мемлекеттік кеңес отырысына қатысуы тиіс болған, сол күні Мәскеуде жүрген. Алайда 24-нен 25 желтоқсанға қараған түні ол реанимобильмен ауруханаға жеткізілген. Басылым мәліметінше, Мәскеуде оның өмірін әрең сақтап қалған, кейін үйіне қайтарған. Содан бері ол көпшілік алдына шықпаған.
Кейінгі уақытта бірқатар БАҚ көзі Қадыровтың денсаулығы едәуір нашарлағанын, оның жыл ішінде төрт рет еңбек демалысына шыққанын, соның бірі екі айға созылғанын хабарлаған.
Жақында өткен тікелей эфир барысында Қадыров өзінің жай-күйіне байланысты пікір білдіріп, жүйке салдарына байланысты мазасыз күй кешіп жүргенін айтқан. Мұны ол Украинадағы майданда жүрген шешен жауынгерлеріне алаңдаушылығымен түсіндірген.
“Новая газета Европа” жазуынша, биыл Қадыровқа екі рет неміс дәрігерлері кеңес берген: кейінгісі қараша айында Дубайдағы жекеменшік клиникада өткен. Алайда ем нәтижесі оң болмағаны айтылады.
Ал бүгін БАҚ беттерінде Қадыровтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарай бастады.
Айта кетейік, Рамзан Қадыров Шешен Республикасын 2007 жылдан бері басқарып келеді.
