2026 жылдан бастап Қазақстанда не өзгереді?

Сағыныш Сардарвоа 01 қаң. 2026 14:00

2026 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгіннен бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған сәйкес салық саясаты қатаңдайды: жылдық табысы 36 млн теңгеден асатын азаматтар 15% жеке табыс салығын төлейді. Қосылған құн салығы 16%-ға дейін өседі, бұл тауарлар мен қызмет бағасына әсер етуі мүмкін.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 2026 жылдан бастап 5% ҚҚС, ал 2027 жылдан бастап 10% деңгейінде енгізіледі. Дегенмен тегін медициналық көмек пен МӘМС аясындағы бірқатар қызмет ҚҚС-тан босатылады.

Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 10%-ға артады. Айлық есептік көрсеткіш те өсіп, соған байланысты кейбір айыппұлдар мен қызметтер қымбаттайды.

2026 жылдан бастап жеке куәлікті алғаш алу тегін болады, бірақ паспорт, жүргізуші куәлігі мен некені тіркеу қызметтері қымбаттайды. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға және ипотекаға берілетін бірқатар салық жеңілдіктері жойылады.

Сарапшылардың айтуынша, Жаңа жыл азаматтар үшін тек демалыспен емес, бюджет пен қаржыны қайта жоспарлау қажеттілігімен басталмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар