2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруді тоқтатады. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мәлімдеді. Бұған дейін ЖСН рәсімдеуге мүмкіндік берген пилоттық жоба 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ғана жұмыс істеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Енді шетел азаматтарына балама ретінде eResidency бағдарламасы ұсынылады. Бұл жүйе Қазақстанға келмей-ақ, онлайн форматта мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында ЖСН көрсетілген цифрлық ID-карта рәсімделіп, Қазақстанда ресми цифрлық мәртебе беріледі.
eResidency арқылы банк шотын ашу, электронды цифрлық қолтаңба алу, eSIM қосу, қаржы және криптонарықтарымен жұмыс істеу, сақтандыру және салық резиденттігін рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
1 қаңтардан кейін ЖСН қажет болған жағдайда шетел азаматтарына eResidency бағдарламасының ресми сайты арқылы өтініш беру ұсынылады.
