Ресейден қашып келген әскери қызметші бірнеше күннен бері Астана әуежайында түнеп жүр

Қаракөз Амантай 31 жел. 2025 16:35

Астананың халықаралық әуежайының транзиттік аймағын Ресей азаматы, бұрынғы әскери қызметші бірнеше күннен бері паналап жүр. Бұл туралы Қазақстандық халықаралық адам құқықтары бюросы  мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұйымның мәліметінше, 1990 жылы туған азамат соғыс жүріп жатқан көршілес елдің әскерінен қашып кеткен. Ол 28 желтоқсаннан бері әуежайда жүр.

Шекара қызметі оны Қазақстан аумағына өткізбеді. Ал ресейлік азамат Қазақстаннан босқын мәртебесін беруді сұрайды.

Ол еліне қайта оралса, қылмыстық қудалауға ұшырап, әскери қызметтен бас тартқаны үшін қысым көріп, жазалануы мүмкін.

Құқық қорғаушылар Қазақстан Босқындар туралы 1951 жылғы конвенцияға қатысушы мемлекет екенін еске салды.

Сондықтан бюро:

  • Шекара қызметіне,
  • Бас көлік прокуратурасына,
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне

өтініш жолдаған. Олар ресейлік азаматтың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін тіркеп, заңға және халықаралық талаптарға сай рәсімнен өтуіне мүмкіндік беруді сұрап отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар